Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Атыраулық балық қорғаушылар су айдындарын тереңдетуді талап етіп отыр

AstanaTV
26.11.2021ж. 20:00
1658
Атыраулық балық қорғаушылар су айдындарын тереңдетуді талап етіп отыр

Атыраудағы өзен-көлдерде балық қалмауы мүмкін. Балық қорғаушылар жергілікті биліктен қараусыз қалған су айдындарына назар аударуды талап етіп отыр.  Айтуларынша, көктемгі өр суымен келетін   өзектегі балықтар су тартылған кезде  қырылып қалады. Сол үшін  көлдер мен каналдардың арнасын тазартып, тереңдету  керек,- дейді. Балық инспекторлары   жергілікті әкімдікке хат жолдаған. Бірақ, әлі нәтиже жоқ екенін айтады.

Бұл– халық арасында Безимянный аталып кеткен су айдыны.  Қазір көлшік  құрғап жатыр. Бірақ көктемде өр суымен  келген мол қара балықтың жарты тоннасы  су тартылған кезде оттегі жетіспей қырылып қалған. Тағы 3 тоннасын балық қорғаушылар мен жергілікті тұрғындар әрең  құтқарды.
 
Вячеслав ЧИРКОВ, ИХТИОЛОГ:

Жылда қаншама балық келеді бұл каналға. Кері шығып үлгермегендері қырылып қалады.  Мұндағы су деңгейі бір метрге дейін көтеріледі. Бұл каналды мүлдем жауып тастау керек. Егер арна керек десе өзегін қазып тереңдету керек деп есептеймін немесе сағасына  тор орнатып, балық өте алмайтындай қылған жөн.

Мамандардың айтуынша, бұл -  жылда қайталанатын жағдай.  Балық қорғау инспекциясының қызметкерлері судағы тіршілік иесін сүзіп алып, Жайыққа апарып төгумен шектеледі.

Рүстем ҚОРҚЫТОВ, ЖАЙЫҚ-КАСПИЙ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙІНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ  БАС МАМАНЫ:


Каналдарды қазу керек. Егер осы ендігі келе жатқан жылымызда, биылғыдай су мен балық кіріп кетсе, онда балықтың тұншығу қаупі болуы мүмкін. Акиматқа хат жібердік. Пока хабар жоқ.

Ал әкімдіктегілер  бұл бағытта әлі нақты жұмыс басталған жоқ дейді. Тек 4 жылдық іс-шара әзірленгенін айтты.

Азамат ӘЛІБАЕВ,  АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Бұл жоспарға сәйкес мына жаппай балықтың өлу фактісін алдын-алу жұмыстары көрсетіліп жатыр. Бұл жерде бұл іс-шараға қаламыздағы уәкілетті тиісті мекемелер жұмылдырылып отыр. Егер де көлдегі судың деңгейі көтерілген жағдайда міндетті түрде тереңдетіп қазу жұмыстары жүргізіледі.


Облыс бойынша осындай 167 су айдыны бар.  Олардың кейбірі балық кәсіпорындарына бекітілген. Ал қалғаны- иесіз.  Соңғы екі жылда ол көл-тоғаннан 13 млнға жуық балық құтқарылды.

Б. Нәдірқызы