Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ақтөбенің іргесіндегі ауыл халқы бұралқы иттердің көптігінен көшеге шығудан қалған

AstanaTV
08.12.2021ж. 20:00
2710
Ақтөбенің іргесіндегі ауыл халқы бұралқы иттердің көптігінен көшеге шығудан қалған

Ақтөбенің іргесіндегі Қызылжар ауылының тұрғындары көшеге шығудан қалған. Айтуларынша елдімекенде бұралқы иттер толып жүр. Балалардың мектеп барып-қайтуы да қиындапты. Жергілікті биліктің қаңғыбас иттерге шамасы жетпей жатқан көрінеді. Ауыл халқы жақында осы мәселені айтып, жиналыс өткізген. Алайда, жауаптылар шарасыздық танытты дейді тұрғындар.  Тараптарды тыңдаған аймақтағы әріптесім Гүлвира Сейтенованың репортажы.

Көшедегі қаңғыбас иттердің мәселесі, Қызылжарда бұрыннан бар. Бірақ, биыл жағдай ушыққан. Ауылда бұралқы иттер тым көбейіп кетті, дейді халық.  

Шайзада НҰРБОЛАТОВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шұбырып жүреді, ит өте көп. Мына мектептің ауласына кіреді, балалар түстен кейін қосымшаға барады, кешке таэквондоға барады. Сонда қауіпті, қорқынышты. Бір күні бір баланы талай жаздады, өз көзіммен көрдім.


Көшеде топтасып жүретін иттер әсіресе мектеп маңын көп торуылдайды екен. Ал, балалардың мектепке баратын және қайтатын уақыты қараңғы. Балаларды сабаққа барып-келгенше, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, дейді ата-аналардың бірі.Өтйкені ит тістемесе де,  мектеп оқушыларына шапқан кездері болыпты.   

Аслан ҚОЖАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жұмыста болған уақытта баламыз өзі қайтады, үйге жылап келеді. Ана жерде 5-6 ит жүр, шаққа өттім, көше айналып кеттім деп. Міндетті түрде бір бала ауруханаға түсіп, не өлім болуы керек пе? Содан кейін барып қимылдау керек пе? Қай нәрсенің де алдын-алайық та?

Иесіз жүрген иттердің мәселесін шешу үшін ауыл тұрғындары құзырлы органдарды шақырып, жиналыс жасаған.  Оған қатысқан жергілікті билік өкілдері ешқандай шара қолдана алмаймыз, ол иттерді атуға рұқсат жоқ, асырауға бюджетте қаржы жоқ, ал ит ұстайтын орталықтарда орын жоқ деген.  Қалалық ветеринарлық станция басшысы ауыл көшелерінде қаңғып жүрген иттердің көбінің иесі бар. Сондықтан, оларды рұқсатсыз аулай алмаймыз деп отыр.

Алпамыс ТҰРЫМ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мектеп директоры звондайды, бір барамыз, барғанша ит жоқ болады. Олардың бәрінің хозяиндері бар иттер. Бізде содержаниеге жер жоқ, питомник, ұстайтын жер жоқ. Ережені бұзатын өзіміз ғой, ит асырамайтын адам жоқ.

Ал, жергілікті әкімдіктің өкілі Қызылжардағы проблемаға ауыл тұрғындарының өзін кәнілап отыр. Әркім қолындағы итін байлауда ұстаса, мәселе болмас еді,- дейді.

Бақұзақ ДАРИН, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кей тұрғындар өздеріміз кінәліміз. Иелері иттерін байламайды, көршілері жайлы, балалар жайлы ойланбастан иттерін сыртқа шығарып жібереді. Соның да кесірінен балаларға, мектепке баратын оқушылардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Екі күнде Қызылжарда жеті ит аулап әкеткен. Әкімдік мамандары енді полициямен бірге елдімекендерді аралап, иелеріне итті байлауда ұстауды ескертеміз дейді. Құлақ аспағандарға айыппұл салынмақшы.

Г. Сейтенова