Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қызылжарда ірі құрылыс компаниялары банкроттың алдында тұр

AstanaTV
10.12.2021ж. 20:00
1698
Қызылжарда ірі құрылыс компаниялары банкроттың алдында тұр

Қызылжарда ірі құрылыс компаниялары банкрот болудың алдында тұр. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үйлерді салып жатқан кәсіпорындар, құрылыс материалдарының қымбаттауынан шығынға батып жатқандарын айтады. Олар үшін бюджеттік үйлерді салу тиімсіз болып қалуда. Жергілікті билік бағасы аспандаған құрылыс материалдарының ақысын өтей ме? Аймақтағы жағдайды тілшіміз Абзал Құрманкин жеткізеді.

Құрылыс саласында 26 жылдан бері еңбектеніп келе жатқан Сергей Тимофеев алғаш рет тығырыққа тіреліп отырғанын айтады. Оның кәсіпорны Петропавлда ондаған тұрғын үй мен мектеп салып, аймақтағы ең ірі құрылыс компанияларының біріне айналған. Алайда, бүгінде болашағымыз бұлыңғыр, дейді ол.  Себебі, биыл құрылыс материалдары бірінен соң бірі қымбаттап, компания мойнына алған бірнеше нысанды өз қаражатына салуға мәжбүр болғандарын жеткізді.  

Сергей ТИМОФЕЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша бес тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп келеміз. Алайда, материалдар қымбаттаған соң, бізде өндіріс қуаты әлсіреп қалды. Өзіміздің жеке жобаларымызды ысырып қойып, айналымдағы қаражаттың барлығын бюджеттік үйлерге салуға мәжбүр болдық. Әкімдік шілде айында бес үйдің үшеуіне сараптама жасап, қосымша шығынды өтеп береміз деп уәде еткен. Бірақ қаражат әлі күнге дейін түскен жоқ. Егер борышын өтемесе, біз банкротқа ұшырауымыз мүмкін.

Жыл басынан бастап қымбатшылық құрылыс материалдарының барлық түрін қамтыды. Мәселен, ақпан айымен салыстырғанда қазанда кірпіш пен шынының бағасы шамамен 50 пайызға өскен. Ал ағаш пен металлдың құны мүлде екі есеге артыпты. Құрылыс заттары жаппай орта есеппен аймақта 20 пайызға көтерілген, дейді сала мамандары. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір қалада 20 тұрғын үй кешені бой көтеріп жатыр. Шенеуніктер оған сараптама жүргізіп, он жетісінде материалдардың тым қымбаттап кеткенін растаған. Қосымшы шығынды өтемекші, бірақ биыл емес.

Болат ҚАНҒУЖИНОВ, ПЕТРОПАВЛ қ. ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

17 жоба экспертизадан өтті. Әр жоба бойынша қосымша 150-200 миллион теңге бөлінеді. Бірақ бұл қаражат биылғы бюджетте қарастырылмаған. Тек келесі жылы бірақ төленеді. Ақпан айынан бастап.

Жалпы қала бойынша 14 мыңнан астам тұрғын пәтер кезегінде тұр. Құрылыс компаниялары, жергілікті әкімдік сметаның құнын көтермесе, мемлекеттік бағдарлама аясында үй салудан мүлде бас тартуға бекініп отыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Билік тарапы олардың өтінішін қанағаттандыруға қарсы емес. Жобалардың жалпы құнын шамамен 10 пайызға өсіруді көздеп отыр. Алайда, құрылысшылар мұның өзін місе тұтпайды. Егер тараптар жуырда бір ымыраға келмесе, онда бюджеттік құрылыс саласында нағыз коллапс болуы бек мүмкін!