Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Оралда 10 миллион теңгеге салынған аялдамада пеш жоқ

AstanaTV
23.12.2021ж. 20:00
1336
Оралда 10 миллион теңгеге салынған аялдамада пеш жоқ

Оралда он миллион теңгеге салынған  аялдаманың пеші жоқ. Қақаған суықта автобус күтіп, дірдектеген тұрғындар бұған наразы. "Бюджет қаржысы құр ысырап болды" деп ашуланады.  Ал жергілікті әкімдік   келер жылы тағы осындай екі аялдама салуды жоспарлап отыр.  Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Еркін Карин жалғастырады.

Жылы һәм жаңа аялдамаға көңілі толмағандардың бірі - Юлия Довгань. Қала тұрғыны "мемлекет қаржысы босқа кетті" дейді.   

Юлия ДОВГАНЬ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жылы аялдаманы 10 миллион теңгеге салыпты. Бұл өте қымбат. Себебі мұнша ақшаға қаладан бір-екі бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Сырттан кіріп келгенде іші жып-жылы болады ғой деп ойлағам. Автобусым келгенше қатып қалдым.

Қалың әйнекпен қапталған жылы аялдаманың ауданы -20 шаршы метр. Ішінде телефон қуаттауға мүмкіндік бар,  бейнебақылау камералары мен кондиционер де орнатылған.  Бірақ жақында ғана салынған аялдама азынап тұр. Өйткені пеш жоқ, жылытқыш құрылғының орны ғана тұр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

 
Қазір көшеде минус 12 градус, ал іште шамамен 6, 7 градус нөлден төмен. Қырау басқан терезеден мынадай саңылау жасап, тесігінен қайта-қайта қарап отырмасаңыз, күткен автобусыңызды өткізіп алуыңыз мүмкін.


Былтыр дәл осындай екі аялдама салынған,  әрқайсысының құны- 7 миллион теңге. "Ал биылғылардың бағасы 3 миллион теңгеге  қымбат",-дейді жауаптылар.  Мұны құрылыс материалдарының қымбаттағанымен түсіндіреді.

Нұрбол САБЫРЖАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Ашық түрде өткізілген мемлекеттік конкурс, ол порталда өткізіледі. Онда бәрі ашық тұр. Оған қатысамын, мен осындай бағаға сала аламын дейтін компания өзі бағасын ұсынып, жеңімпаз болған жағдайда сала алады.

Халықтың ренішін туғызған мәселеге жергілікті заңгерлер де араласты.  Олар бұл жерде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін екендігін теріске шығармайды әрі мұндай аялдама қала орталығынан гөрі, шетте орналасқан ықшамаудандарға салынғаны дұрыс дейді. Қазына қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтау үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолдаған.

Бауыржан АХМЕТЖАН, ЗАҢГЕР:

5-7 минуттың қаланың ішінде автобустар зуылдап жатыр. Яғни, орталықтағы көп күтпейтін, көп тоңа қоймайтын адамға қандай жылы аялдама керек? Орал қаласының әкімдігі осындай жылы аялдаманы саламыз деп жоспарлап, конкурс ұйымдастырған кезде неге соны бірінші дұрыс ойластырмайды?


Ал ішінде жылуы жоқ аялдама қазір бос тұр. Қалғандарының да жағдайы мәз емес. Кейбірі  маскүнемдердің мекеніне айналған. Сондықтан тұрғындар, "бюджет қаржысы желге ұшты" деп ашуланады.

Е. Карин