Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Батыс Қазақстан облысында ірі қара белгісіз дертке шалдығуда

AstanaTV
20.01.2022ж. 20:00
857
Батыс Қазақстан облысында ірі қара белгісіз дертке шалдығуда

Батыс Қазақстан облысының шаруаларын ірі қара арасында өршіген жұқпалы дерт алаңдатып отыр.  Айтуларынша, аурудың белгілері аусылға ұқсайды. Бірақ ветеринарлар оны "аусыл" емес дейді.  Мамандардың бұлай деуіне не себеп?  Төрт түлік баптап отырған ауылдағы ағайын не үшін дүрлігуде? Өңірден-Еркін Карин.  
 
Мал басын асылдандыруды қолға алған жас кәсіпкер Азат Рашидов еңбегім еш кете ме деп алаңдаулы. Өйткені көрші аудандарда белгісіз ауру таралған, белгісі аусылға ұқсайды. Бұл індет - өте жұқпалы, тіпті малдан адамға да жұғуы мүмкін дейді.
 
Азат РАШИДОВ, КӘСІПКЕР:

Бір күні бір бұқа келген аузынан сілекейі ағып басқа жерден. Екінші күні 12 бас ауырған. Одан кейін 50 бас ауырған. Содан кейін бүкіл ауылдық округтің, сол Бисен ауылдық округтің барлығы түгелдей ауырған болатын. Ресей Қазақстанда аусыл қаупі бар деп өзінің көршілес аудандарын, бізбен шекаралас аудандарының бәрін еккен болатын. Ал бірақ бізге вакцина берілген жоқ. Қарапайым халыққа қиын вакцина алу.
 
Індеттен үрейленген шаруалар қазір дәріханалардан дәрі іздеп, сабылып жүр. Бірақ вакцина табу қиын боп тұрғанын айтады.
 
Максим СТРАМОУСОВ, ДӘРІХАНА ҚОЖАЙЫНЫ:

Вакцина іздегендер күн сайын көбейіп жатыр. Бірақ бізде мұндай дәрі жоқ. Өйткені бұл вакцинаны мемлекет береді. Дегенмен дәрі іздеген шаруаларға көмегіміз болсын деп вирусқа қарсы препараттар беріп, амалдап жатырмыз.


Ал облыстық ветеринария басқармасы жағдай бақылауда дейді. Өйткені ауырған малдан алынған биологиялық сынамалар Нұр-Сұлтан қаласына жолданып, мамандар «аусылдың» қоздырғышы жоқ екенін анықтапты.
 
Балдай САПАРҒАЛИ, БҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Шыңғырлау, Сырым аудандарында мүйізді ірі қара малдарының жұқпалы ринотрахеит ауруымен ауырғандығы анықталды. Қалған аудандар бойынша зертханалық сараптама нәтижесі әлі келген жоқ. Жалпы ауру басталғалы мүйізді ірі қара малдары арасында шығын болған жоқ.  

Осыған дейін Қарағанды облысы мен көршілес Ресейдің Орынборында аусыл ошағы анықталған. Сондықтан сақтық шараларын күшейтіп, індеттің алдын алу үшін облыстық ветеринария басқармасы 4 миллион   вакцина алдырмақ. Айта кетейік,  Батыс Қазақстан облысы 2015 жылы аусыл ауруы жоқ аймақ ретінде танылып, арнайы мәртебе алған. Соған байланысты  өңірде ірі қараға  7 жыл екпе салынбаған.  

Е. Карин