Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда айыппұл тұрағындағы көліктер аукционға шығарылды

AstanaTV
20.01.2022ж. 20:00
1758
Қызылжарда айыппұл тұрағындағы көліктер аукционға шығарылды

Петропавлдағы көлік бақылау инспекциясы, заң бұзған автокөліктерді қоятын жер таппай отыр. Барының өзінде орын жоқ. Амалы таусылғандар, жергілікті атқамінерлермен ортақ келісімге келген. Тұралап қалған көліктерді аукцион арқылы сатпақшы. Бүгін үшеуін саудаға шығарды. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин, ерекше сауданың жай-жапсарын біліп келді.

Қаланың шетінде орналасқан мына айыппұл тұрағы жарты гектардан астам жерге орын тепкен. Мұнда қазір  300-ден астам көлік тұр. Ине шаншар орын қалмаған. Ал, бұл әсіресе көлік инспекциясына кесірін тигізіп отыр.

Руслан СЕЙТАЛИН, СҚО КӨЛІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ұсталған машиналарды біздер көп жағдайда бақылап қадағалап қасында тұрамыз. Ол жұмысқа бізге кедергі туғызып отыр. Біздің басқа жұмысымыз бар. Жолдарды қадағалауымыз керек. Ал мынандай кезде біз автокөлік құралын қадағалап, соның қасында күзетіп тұруға мәжбүр болып отырмыз.

Сала мамандары жылына шамамен 4 мыңнан астам жүк көлігін тексеріп, оның әрбір төртіншісінде заңбұзушылықтарды анықтайды. Инспекторлар қандай да бір ақауды тапқан кезде көлікті иесі айыппұлды төлегенге дейін арнайы тұраққа апарып қою керек. Алайда, аталған жерде жүк көлігі түгілі, жеңіл тұлпарға орын табу мұңға айналған. Айтпақшы тұрақта Ресейдің белгілі әншісі Тиматидің «ауди тт» маркалы көлігі де бар. Оның мұнда тұрғанына да 10 жылдан асты. Ұрланған көлік шекара асып келген. Бірақ ол сатылымға  шықпайды деді. Өйткені аукционға иесі жоқтарын шығарған.

Жанболат БАТЫРБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Айыппұл тұрағында тек иесі жоқ көліктер ғана сатылады. Қазір біз осындай үш көлікті анықтап, онлайн аукционға шығардық. Жақын арада тағы алтауының құжатын әзірлейміз. Жалпы, бұдан бөлек айыппұл тұрағын тағы бір гектарға ұлғайту жоспарда бар.


Әкімдік ұсынған "батпан құйрықты" бұқара оң қабылдап отыр.

Алексей АЛГАЕР, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Егер көліктердің құжаты таза болса, кейін бір мәселелер туындамаса алар едім. Әкімдік кейін оны алып қойматынына кепілхат беру керек. Көліктердің бағасы арзан болатыны сөзсіз.

Лайк АГАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қалалық әкімдік бұл аукцион тыныш қана өткізбей, жер жерде жариялауы керек деп есептеймін. Сонда халық тарапынан сұраныс болады.

Шенеуніктердің айтуынша, жыл соңына дейін тағы шамамен он көлік сатылмақ. Бірақ бұл темір тұлпарлар тұрақта он жылдан астам уақыт тұрып қалған. Демек, әбден ескірген болу да ғажап емес.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Осыған байланысты әкімдіктегілер контрабандалық көліктер мәселесін де қозғамақ. Былтыр құқық қорғау органдары Ресейден көліктерді заңсыз тасымалдаған бір пысықайдан 60 жуық машинаны тәркілеген болатын. Демек, жақын арада олардың да аукционға шығарулы әбден мүмкін.

А. Құрманкин