Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қазақстан жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы бойынша әлемде алғашқы ондықта

AstanaTV
09.03.2022ж. 20:00
2017
Қазақстан жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы бойынша әлемде алғашқы ондықта

Қазақстан  жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы бойынша әлем елдері бойынша алғашқы ондықта тұр.  Бұл  мамандарды  алаңдатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше,  мұндай қадамға әсіресе 15 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер жиі барады. Жас буынның психологиялық жай-күйіне кері әсер ететін негізгі факторлар қандай? Тілшіміз Айсәуле Съезбек мәселеге үңіліп көрді.

16 жастағы  бозбала, өзін көрсетуге де, есімін жариялауға да қарсы. Бірақ басындағы мәселені айту арқылы, өзгелерге сабақ болса дейді. Бұл ойына оның ата-анасы да қарсылық білдірмеді. Ол мектеп бітірер шақта ата-анасының қолдауына емес, қысымына тап болған жеткіншектің бірі. Грантқа түсуді міндеттеп, мамандық таңдауына әмір еткен ересектердің әрекетінің құрбанына айнала жаздады. Деңгейі жетпейтін мақсатқа ұмтылған жасөспірім үлкендердің үмітін ақтай алмаспын деп қорыққан. Ал, одан шығудың жалғыз жолы өзіне қолжұмсау деп түсінген.   
 
Олардың айтуынша, менің таңдаған мамандығымда грант аз. Екіншіден, олардың қаржылық жағдайын ойлауым керек. Сол үшін де мен өз арманыма жететін жолда өз мамандығымды таңдай алмай отырмын. Ата-анам менің ҰБТ-ға дайындалуда мотивациямның жоқтығын байқап психологқа алып келді.

Ғалияш МАХАШОВА, ПСИХОЛОГ:

Ата-ананың меншігіне айналған бала болашақта өзіне меншікті адам болмайды. Ол бәріне ыңғайлы адам болады. Суицидқа ата-ана басты себеп. Бірақ олар отбасынан тыс себептерге артқысы келеді. Ол – ғаламтор, ол – мұғалім, ол – достары, орта деген сияқты. Бұл жеке адамның жауапкершілікті өзіне ала алмауында.


Әу баста жасөспірімнің ата-анасы оның мінез-құлқындағы өзгерістердің себебін сырттан іздеген. Тек маманның алдына келгенде ғана шындыққа  бетпе-бет қарапты. Дегенмен эмоционалды әлсіз жастың бойындағы үрейді мұғалімдер де үдеткен, -дейді психолог.

Ғалияш МАХАШОВА, ПСИХОЛОГ:

Көп мұғалімдер мұғалімдік этикет дегенді білмейді. Профессиональный выгорание деген көп. Кейбір  мұғалімдер көріпкелділікпен айналысқанды жақсы көреді. «Сенде болашақ жоқ, сен оңбайсың» деген сияқты. Хақысы жоқ дүниелерге мұғалімдер өздеріне көп рұқсат береді.


Ішкі істер министрлігі тіркеген деректерді сөйлетсек, 2020 жылы суицидке 143 жеткіншек барған, ал 306 бала әрекет еткен. Ал былтыр бұл көрсеткіш артқан. 175 жасөспірімнің қанаты қиылса, 375-сі суицид жасауға ұмтылған.

22 жылдан бері жасөспірімдердің психологиясын терең зерттеп жүрген Ғалияш Махашованың ойынша, суицидке итермелейтін   фактор көп. Бірақ олардың арасында үлкендердің балаларды ересек өмірге «қорқынышпен» дайындауы бірінші орында тұр. Әрі қателесуге мүмкіндік бермеуінде деп отыр.

Психологқа келгеннен кейін бірнеше айдың ішінде ата-анаммен ортақ тіл таптым. Және олар да мені түсінді. Егер мен биыл грантқа түсе алмағанның өзінде, келесі жылы да дайындалып түсуіме болатынын өздері түсінді. Сонымен қатар, ата-анамның алдында кінәлі болып қалудан, қателік жіберуден қорықпайтын болдым. Қателікті өмірдің сабақтары ретінде қарайтын болдым.

Айсауле СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Мамандарды алаңдатып отырғаны да осы. Отбасындағы тәрбие мен ата-ананың балаға жақын болмауы. Перзентінің бойындағы өзгерісті бірден байқаса, мұндай проблемалар туындамасына кепіл бола алады. Орны толмас қайғының алдын алу үшін жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлуге кеңес береді.
 
А. Съезбек