Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Белгісіз жағдайда қаза тапқан қызылордалық сарбаздың жақындары сотқа арызданбақшы

AstanaTV
14.04.2022ж. 20:00
1376
Белгісіз жағдайда қаза тапқан қызылордалық сарбаздың жақындары сотқа арызданбақшы

Жамбылдағы әскери бөлімде жоғалып кетіп, 39 күнде денесі таудан табылған Ұлықбек Бердішовтың жақындары сотқа арызданбақшы. Қайғыдан қан жұтқан отбасы оқиғаның көлеңкелі тұстары көп деп отыр. Мәйіттің маңында жатқан әскери киімдер өң бермеген, таза күйінде табылды дейді. Ақжарқын, тіл алғыш баланың   мұндай әрекетке өздігінен бармайтынына  сенімді. Сондықтан біреулерден қысым көруі мүмкін деген туыстары кінәлілердің  жазалануын талап етуде.

Дәрігүл ЖҰМАҒАЛИЕВА, Ұ.БЕРДІШОВТІҢ ТУЫСЫ:

Медицина сараптама жасаған мамандарға осындай сұрақ қойдым. Мына мәйітке қанша уақыт болған, қанша күн болған дегенімде. Әрі кеткенде 1,5-2 апта болды деді. Сонда қалған уақытта бұл бала қайда болды, кім ұстап отырды. Суицидке кім жеткізді бұл баланы, Күдік көп, күмән көп,  сұрақ көп. Соның  жауабын бізге кім бере алады?

Сарбаздың денесіне Тараз қаласында сот медициналық сараптама жасалған. Туыстарының айтуынша,  оның қорытындысы 1 айдың көлемінде белгілі болады.  Ал кеше жақындары Ұлықбектің денесін жер қойнына тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, Жамбылдағы шекара қызметіндегі «Андас батыр» заставасында әскери борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердішов 2 наурызда іс-түссіз жоғалған болатын. Арада бір жарым ай өткенде оның мәйіті Қырғызстан шекарасынан, тауда асылып тұрған күйде табылды.

М. Тоқтасынқызы