Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде жаңбырдың кесірінен тұрғындар 5 күннен бері жарықсыз отыр

AstanaTV
19.05.2022ж. 20:00
1335
Ақтөбеде жаңбырдың кесірінен тұрғындар 5 күннен бері жарықсыз отыр

Ақтөбеде толассыз жауған жаңбырдың кесірінен көпқабатты үйдің тұрғындары 5 күннен бері жарықсыз отыр. Шұрық-тесік төбеден аққан жауын суы төмен сорғалап, алты қабатты үйдің екінші қабатына дейін жеткен. Төбеден су ағып, подъезд бен пәтерлердің қабырғасы дымқыл болғандықтан, электр сымдарынан тоқ соғу қаупі бар. Сол себепті үйдің басқарушысы бір кіре берісті электр энергиясынан ажыратуға мәжбүр болған.

Азамат МАҚСАТҰЛЫ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жаңбыр біздің үйге өтіп кетті. Біздің үйден өтіп, 3-этажға дейін су жеткен. Счетчиктердің ішіне су өтіп, жұрттың тоңазытқыш, телевизор, техникасы жанып кетті.


Тұрғындар  шатырды бітеп беруді сұрап, қалалық әкімдікке жүгінген. Ондағылар әркім проблеманы өзі шешсін депті. Бірақ  мұндағы жұрттың ақша жинап, төбені жамайтын жағдайы жоқ дейді тұрғын Азамат Мақсатұлы. Көпқабатты үйге жауапты пәтер иелері кооперативінің өкілі болса, үйдің шатырын жөндеуге тек бір подъезден 970 мың теңге жинау керек дейді. Ал, қалалық тұрғын үй инспекциясындағылар көп пәтерлі үйлер жекенің меншігі болғандықтан, шатыр ауыстыруға бюджеттен қаржы қарастырылмайтынын айтады.

Ақнұр ҚАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Аталмыш үйдің шатырын жөндеу үшін тұрғындарға жалпы жиналыс өткізу керек. Сол жиналыста олар ақау актісін жасап, қанша қаражат қажет екенін есептеп, жасауы керек. Соған байланысты, мақсатты жарна арқылы жасалады. Себебі, көппәтерлі тұрғын  үйдің шатыры тұрғындардың ортақ мүлкі болып саналады.


Г. Сейтенова