Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Елімізде әрбір екінші бала вейп шегіп көреді

AstanaTV
27.05.2022ж. 20:00
1278
Елімізде әрбір екінші бала вейп шегіп көреді

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазақстандықтардың 25 проценті темекі шегеді. Яғни, әрбір төртінші азамат зиянды тауарға тәуелді. Алаңдатарлығы – қазір балалар арасында электронды шылымның қолданысы кең етек алды. Оған себеп – темекінің бұл жаңа түрінің бағасы қолжетімді. Әрі заң аясында балаларға сатуға еш тыйым жоқ. Мамандар тиісті шара қабылданбаса, бүтін бір ұрпақ темекі эпидемиясының құрбаны болады деп дабыл қағуда.

2010 жылы қазақстандықтар 30 млрд дана темекі тұтынған. Қазіргі көрсеткіш – 16 млрд дана. Яғни, сұраныс 2 есе азайған. Бұл оң тенденция  әсіресе 2013-2014 жылдары анық байқалған. Өйткені сол кезде темекі бағасына қосылатын акциз 40 процентке артқан. Бірақ дәстүрлі темекі шегу көрсеткіші азайғанымен,  қыздырылатын темекі өнімдері мен вейптердің дәурені туды.  

Жәмиля САДЫҚОВА, «ТЕМЕКІ ТҮТІНІНЕН АЗАТ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН» ҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ:

Балалардың 15 проценті вейп шегеді. Әрбір екінші бала оны тұтынып көрген. Вейптерге мүлдем тыйым салу керек. Онсыз жастар арасындағы вейп эпидемиясын тоқтату мүмкін емес. Ал ересектер қыздырылатын табакты көп қолданады. Оны бірақ балалар ала алмайды, өйткені-қымбат.  

Ұлттық коалиция мәліметінше, электронды табак өнімдеріне сұраныс жыл  сайын 1,5 млрд данаға көтеріліп келеді. Темекінің жаңа түріне  салық енгізіліп, заңмен реттелгенше өндірушілер мол пайдаға батып үлгереді дейді.

Винейак МОХАН ПРАСАД, ДДҰ-НЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Әлемде 11-15 жас аралығындағы балалардың 5 проценті электронды темекі шегеді. Бұл – қауіпті көрсеткіш. Хош иісті вейптер балалардың қызығушылығын тудырады. Олар тауар өндірушілердің вейп зиянды емес деген жалған жарнамасының құрбаны болып отыр. Оның құрамындағы қосындылар шын мәнінде жас организмді улайды. Ересектер электронды түрін шексем, дәстүрлі темекіні тастаймын деп  ойлайды. Бұл да – қате пікір.   Екеуінің айырмашылығы жоқ.

Әлемде жыл сайын 7 млн адам темекі өнімдерінің салдарынан көз жұмады.  Оның 1 млн-ға жуығы- мүлдем темекі шекпеген  азаматтар. Яғни,  тек шылымның түтінін жұтып уланғандар. Бұл - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Қазір  30 мемлекетте қыздырылатын темекі өнімдеріне  тыйым салды. Ал Қазақстан   әзірге бұндай қадамға барған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі темекі зиянынан ауруға шалдығатындардың еміне жылына 222 млрд теңге жұмсап отыр.   

А. Съезбек