Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Арқалықтағы мектеп білім беру талаптарына сай емес

AstanaTV
22.06.2022ж. 20:00
692
Арқалықтағы мектеп білім беру талаптарына сай емес

Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин гимназиясының оқушылары 20 жылдан бері ескі  ғимаратта оқуға мәжбүр. Кезінде саяси-ағарту мекемесі болған нысан білім беру талаптарына сай келмейді. Мектеп өте тар. Қабырғалары жұқа тақтаймен  бөлінгендіктен, келесі бөлмедегі адамдардың дауысы естіліп тұрады.  

Бұл ғимарат сонау 1976-шы жылы салынған. Елу жылға жуық  күрделі жөндеу көрмеген көне нысанның  ескі ағаш терезелері ашылмайды. Яғни бөлмелер желдетілмейді. Ал қыста азынап кетеді.  

Нұрикамал ӘБЖАН, ОҚУШЫ:


Былай негізінде мектеп формасының сыртынан жылы күртеше киіп отырамыз. Бірақ кейде қатты салқын болғанда куртка киюге тура келеді.


Жауын жауғанда төбеден су ағады. Қабырғаның бәрі жанғыш материалдармен қапталған. Бұл- өрт қауіпсіздігіне қайшы. Сондықтан төтенше жағдай қызметі жылда айыппұл салады. Инженерлік желінің бәрі шіріп тұр. Құбырлардың іші әбден бітелген. Соның кесірінен қысымға шыдамай жарылып, ғимарат ішін су басатын кездер де болады, дейді мектеп директоры.

Ақтоты ҚИСЫҚОВА, ГИМНАЗИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Бізде оқу процесі болып жатқанда, мамыр айында мына жердегі батарея жарылып, су қатты екпінмен атқылап бірінші қабатқа дейін жайылды. Оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болдық.


Тар кабинеттерді талапқа сай жабдықтауға мүмкіндік жоқ.Жұқа қабырғаға  интерактивті тақта да ілінбейді.

Ажар ҚҰРМАНБАЕВА, АҒЫЛШЫН ТІЛІ МҰҒАЛІМІ:

Балаларды ағылшын тілін жетік меңгеруге жағдай жасалмаған. Лингафон жоқ. Интерактивті тақта ілу үшін қабырға мықты бетон болуы керек. Сондықтан оны да іле алмаймыз.


500-ден астам шәкірт  оқитын гимназияның асханасы 40 адамға ғана лайықталған. Мектептің алдында балалар демалатын алаң жоқ. Оған қоса бұл ғимаратта тағы бірнеше мекеме отыр. Қалалық білім бөлімі күрделі жөндеу үшін құны 369 млн теңге тұратын жоба дайындаған. Қазір ол сараптамадан өтіп жатыр.  Арқалықтағы 10 мектептің тағы екеуі күрделі жөндеуге мұқтаж.

З. Санай