Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Энергетикалық сусындарда консервант көлемі артқан

AstanaTV
23.06.2022ж. 20:00
1096
Энергетикалық сусындарда консервант көлемі артқан

Санитар дәрігерлер энергетикалық сусындардан қауіпті консерванттарды анықтады.  Өндірушілер бензоат натрииді  асырып пайдаланған. Ал елімізде күніне 30 мың литр сергіткіш сусын ішіледі. Дәрігерлер бұған алаңдаулы.   

Энергетикалық сусындардың  күнделікті 1-2 құтыдан сіміріп алуды желік қуған жастар әдетке айналдырған.  Ағзаға тигізер зиянын ойлап бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ішкен мезетте, бойыңа ерекше жан кіріп, тау қопарардай күш бітеді.  Бірақ дәрігерлер бұл алып күштің уақытша   құбылыс екенін айтады.  

Ольга ШАПОВАЛОВА, ДИЕТОЛОГ, НУТРИЦИОЛОГ:

Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Олардың құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, кофеин, женьшень. 10-15 минутта сергіп, күшіңіз артады. Алайда, қоспалар асқазан, өт жолдарына зиян. Бір ішкеннен әсері болмаса да, уақыт өте келе ағзаңыз сыр бере бастайтын болады.


Ағзадан табиғи жолмен тазарып шығуы екіталай сергіткіш сусындардың құрамы жыл сайын өзгеруде. Өндірушілер тағамның сапасын   ұзақ  уақыт жоғалтпай сақтайтын консерванттарды үйіп-төгіп қосатын көрінеді. Белгіленген нормативке сай емес мұндай энергетиктер Қостанай облысының дүкен сөрелерінен табылды.

Дана ҚАСҚАТАЕВА, ҚР ДСМ САНИТАРИЯЛЫҚ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Комитет өнімдер қауіпсіздігі мониторингі қорытындысы бойынша қауіпті өнімдердің бар болғандығы анықтады. Бұл қауіпті өнімдер Қостанай облысының  сауда орындарынан анықталған. Қазіргі кездегі қауіпті өнімдердің барлығы сатылымнан алынып тасталды.  Және де осы комитеттің аймақтық филиалы  тиісті шаралар жұмыстарын жалғастыруда.

Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді. Оның  80 проценті жасөспірімдердің үлесі.  Жастар  энергетикалық сусынға ерекше құмбыл.  Ата-ана қанша  тыйым салса да,  зиянды сусын мен фаст-фуд өнімдерден бас тартпайды.   

БЛИЦ:
    
- Шаршаған кезде болады. Кейде жұмыстарда қиындықтар туындайды. Сол кезде, шаршағанның сезімін басу керек болған кезде  осы энергетикалық сусындарды қолданамын.

- Кеңесім әркім табиғи суды ішу керек. Қазақтың сосын дәстүрлі ішімдіктерін ішу керек. Қымызы бар, шұбаты бар.

- Бұл деген адам денсаулығына көп зиян ғой. Оны ішкеннен кейін  неше түрлі аурулар болып келеді. Ауруға душар болады.

- Енді рөлде болған кезде шаршап ұйқы келеді. Сол кезде  ұйқы ашу үшін біреу ішемін. Химия ғой ол. Зиян.

Энергетикалық сусындардың бағасы орташа есеппен 260 пен  600 теңге аралығында.  Бұған дейін елімізде білім беру ұйымдарынан 100 метр қашықтықта ішімдік сату тыйым салынған еді. 2015 жылы бұл талап   күшін жойған.  Энергетик сусындардың мәселесі де талай рет Мәжіліс мінберінде көтерілді. Бірақ әлі заңнамалық деңгейде  реттелген жоқ.

А. Шамшидин