$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шығыс Қазақстан облысындағы дәріханалар желісінде тегін дәрі-дәрмек жеткізу қайта қолға алынды

AstanaTV
08.07.2016ж. 20:00
3194
Шығыс Қазақстан облысындағы дәріханалар желісінде тегін дәрі-дәрмек жеткізу қайта қолға алынды

Шығыс Қазақстан облысында медициналық препараттар қайта жеңілдікпен беріле бастады. Бұл туралы облыстық соттың шешімі шықты. Енді аймақта түрлі ауруға шалдыққан 150 мыңдай науқасқа дәрілер тегін беріледі. Біздің тілшіміз аймақтағы жағдайды 1 айдан бері бақылап келеді.

Алла Зырянова дәрігер қабылдауынан кейін бірден дәріханаға асықты. Өйткені жүрек ауруымен есепте тұрған науқас ретінде оған дәрілер қайтадан тегін беріле бастапты. Бір айдан асты, қымбат препараттарды алып, оған ақшасы жетпеген соң арзанына алмастырған.

Алла Зырянова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Дәрі-дәрмекті қайтадан тегін бере бастағанына қуаныштымын. Өйткені дәрі мен үшін нан секілді қажет. Менің де өмір сүргім келеді.

Биылғы ақпан айында медициналық препараттарды тасымалдаушы 4 фирма тендерде жеңімпаз атанып, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізе бастаған еді. Алайда тендерлік комиссия конкурсқа қатысуға рұқсат бермеген «Евразия фарм» компаниясы сотқа шағымданған еді. Прокуратура шағым заңсыз деп наразылық танытқанымен, сот дәрілерді тегін беруді тоқтату туралы шешім шығарды. Осыдан бастап, яғни 9-шы маусымнан бері 150 мың адам дәріден қағылған болатын.

Зәуре Көшербаева, фармацевтикалық компания директоры:

Біз бұл айда науқастар үшін қатты алаңдадық, біз оларды күнде көреміз, үнемі осында келеді. Олардың жағдайында бұл дәрілер күн сайын керек.

Вячеслав Журавлев, фармацевтикалық компания директоры:

Бұл бір марафон секілді болды. Кәсіпорынымызды, кәсіпкерлерді әбден титықтатып жіберді, бүкіл уақытымыз кетті. Бірақ әйтеуір облыстық сот мәселені шешіп, нүктесін қойды деп есептеймін.

Фармкомпанияларды облыс прокуроры мен денсаулық сақтау басқармасы қолдады. Көбі іс ұзаққа созыла ма деп алаңдап еді. Алайда сот қысқа мерзімде шешім шығарды.

Зәуре Көшербаева, фармацевтикалық компания директоры:

«Астана» телеарнасына дәрі-дәрмек нарығында жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің атынан алғыс айтқым келеді. Сіздер біздің проблемамызды тыңдап, алғаш үн қосып, республикалық арнада көтердіңіздер.

Қазір медициналық препараттардың қажетті кепілді көлемі фармкомпаниялардың қоймаларында тұр. Кәсіпкерлер "енді  тасымалдауда үзіліс болмайды" деп отыр. Қазір аймақтағы барлық дәріханалар тегін дәрілерді бере бастады. Фармацевттердің айтуынша, халық еш айқай-шусыз дәрігер берген рецепт бойынша тегін препараттарды алып жатыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ