Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанай көшесінде адамдарды сүзген сиырдың иесіне айыппұл салынды

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
1565
Қостанай көшесінде адамдарды сүзген сиырдың иесіне айыппұл салынды

Сүзеген сиыр, қашқан қой. Соңғы күндері Қостанай көшелерін мал кезіп кетті. Кеше Зеңгі баба тұқымы алдынан шыққан адамдарға атылып,  бірнеше тұрғын  жапа шекті. Ал бүгін  көшеде қой қашып, жұртты тағы әбігерге салды.

Қаланың қақ ортасына тап болған   түлік дүйім жұртты дүрліктірді. Тіпті аша тұяқтының соңына  сақшылар түсіп, әрең оңаша жерге оқшаулады. Орталықта ойран салған  ірі қараны ауыл тұрғыны етке тапсыруға әкелген көрінеді. Алайда шаһар шетінде жүк көліктен секіріп, орталыққа ойысқан. Жайлаудан  жеткізілген қашар қаланың қарбаласынан есі шығып, алдынан шыққан адамға атылса керек.

Ақат ШЕКТІБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Ешқандай ауру жоқ ол малда.Былай айтқанда «стрессовый ситуация» мал жүгірген.Сосын алдынан шыққан бір-екі осы біздің қаланың тұрғындарын мүізімен сүзген ғой. Қазір олар ауруханада емделіп жатыр деген хабар бар.

Сүзеген сиырдан үш адам зардап шегіп, жедел жәрдем  көмегіне жүгініпті. Науқастардың сүйектері сынып, дене жарақатын алған. Біреуі қазір ауруханада жатыр.    
 
Ксения ЖЫЛҚЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Үш адам жедел жәрдем  көмегіне жүгінді.Оның біреуі ауруханаға жатқызылды. Сүйегі сынған.Ақпарат дәрігерлік құпияға жататындықтан науқастың рұқсаты керек. Ал науқас  рұқсат бермей отыр.
 

Полиция мал иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғанын хабарлады. Ауыл тұрғыны  3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Ал ауруханаға түскен тұрғындардың әзірге арыз жазғаны немесе жазбағаны белгісіз. Сүзеген сиырдан сескеніп қалған тұрғындар бүгін әлеуметтік желіге  қашқан қошқардың видеосын жариялады. «Айттан аман» қалған  мал  деп қалың жұрт оны қалжыңға айналдырып жатыр.

З. Санай