Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Tik-Tok" баланың ойлау жүйесін нашарлатады,- сарапшы

AstanaTV
05.08.2022ж. 20:00
4051
"Tik-Tok" баланың ойлау жүйесін нашарлатады,- сарапшы

«Тик-токқа» тоқтау болмай тұр. Атауы көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіндегі дүниені көрсеңіз жаға ұстайсыз. Онда жартылай жалаңаш қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығарады. Ал, әлі оң-солын білмейтін бала оларды қайталап, торға қалай түскенін байқамай қалады.

Психолог Мөлдір Болатқызы тик-ток – баланың психологиясын бұзып қана қоймай, басқаның пікіріне тәуелді етеді дейді.  Оның айтуынша, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін жеткіншек үшін бұл желі жеңіл өмір сүруді үйрететін орта.

Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:


Адами нормаларға сәйкес келмейтін нәрселерді норма ретінде көрсетеді. Мысалы, жеуге болмайтын нәрселерді, қиюға болмайтын нәрселерді қиып тастау деген сияқты. Құндылықтарды жойып жатыр басқа біреудің лүпіл басуына, басқа біреулердің пікіріне тәуелді болады.

Ал, блогер Мадияр Адамжан тикток арқылы пайда көзін тауып жүр. Қоғамдық көлікте бақылаушы болып жұмыс істейтін жігіт, алғаш рет әлеуметтік желіге қызмет барысынан видео жариялаған. Сол арқылы бір күнде танымалдылығы артыпты.  Тик-ток енді ол үшін табыс көзі.

Мадияр АДАМЖАН, БЛОГЕР:

Бартермен жұмыс жасаймын көбінесе. И және осы рекламадан, шағын өтірік айтпасам 30-40 мыңнан тауып отырамын.

Бірақ, сарапшылар  тик-токтың зияны көп дейді.  Балалық шақ институтының мүшесі Алия Нидің айтуынша,  баланың ойлау жүйесі нашарлайды.
 
Алия НИ, БАЛАЛЫҚ ШАҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тик-ток - баланың ойлау жүйесіне, дамуына кері әсерін тигізеді. Баланың қиялын, бойындағы ерекше қасиеттерін, даналығын жойып тастауы да мүмкін. Сондықтан әр ата-ана өз баласын үнемі қадағалау керек. Не көреді, қызығушылығы қандай, бәрінен хабары болуы керек.

Шыққаны кеше ғана, бірақ  бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Трендке айналғаны сонша, бала көзін тырнап аша сала осы желіге ынтығады. Салдарынан, телефонға тәуелділік, ашушаңдық пен депрессия деген дерт пайда болады.

А. Задабек