$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Қарғалы ауылының тұрғындары шаң жұтып жүр

AstanaTV
09.09.2022ж. 20:00
4422
Қарғалы ауылының тұрғындары шаң жұтып жүр

Шаңға тұншығып жатырмыз. Осылай деген Алматы облысындағы Қарғалы ауылының тұрғындары арнамыздан көмек сұрап, хабарласты. Олар жолдың жөнделуін талап етіп бармаған жер, баспаған тау қалмады дейді. Шұрық-тесік жолдар әсіресе балалар мен қарт адамдардың жанына батқан. Оқушылар мектепке шаңға шомылып, жаңбырлы күні тізеден су кешіп барып жүргеніне ашулы. Арманға айналған асфальт Қарғалыға қашан төселеді? Әріптесім Әсем Лесбек анықтап көрді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Бұл Қарғалы ауылындағы негізгі көшелердің бірі. Жолдары ойдым. Адам тұрмақ, көліктің өзі әрең өтеді. Жазда шаңға, қыста батпаққа бататындарын айтады, тұрғындар. Әсіресе оқушыларға іргедегі мектепке бару қиынға соқты дейді.
 
Өйткені тас-талқаны шыққан жолмен жүргендіктен, сабаққа кір-қожалақ болып барады.

Зухра МҰСАЕВА, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Қазіргі уақытта тек қана шаң. Ал ертең жауын-шашын болғанда бұл жерде шыны керек бір қарыс балшық болды. Мектепке дейін балалардың баруы мүмкін емес.
 
Әлім СЕРІКБАЕВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Немерелерім қазір шаңға былғанып жүр. Қашан құтыламыз мынандай өмірден біз. Біздің только арманымыз асфальт құрып берсін.  Соны мына ата-ананың  бәрі сол асфальтқа бола, балалары мектепке бара алмайды. Өзіміз жүрсек шаң. Азанда 8 де мына жерді көрсеңіз шаңғып жатады.
 
Жұрт шаң-тозаңның кесірінен тыныс жолдары ауруына шалдықтық дейді. Ауа жетпей, жөтел қысады. Ол аздай бас айналады. Халық көшелерді сан рет өз бетімен жөндеуге тырысқан. Тас төсепті, бірақ бұл да тығырықтан шығара қоймады деп отыр. Қарғалы ауылында 38 мың халық бар, құрылғанынына 100 жылдан асқан. Бұқара содан бері жол бірде-бір рет жөнделмеді дейді. Мәселелерін шеше алмай мезі болған тұрғындар, жол жөндеуді талай талап еткен.

Антон ШИН, ЗАҢГЕР:

Мен бұл мәселемен осыдан 1 жарым жыл бұрын таныстым. Содан бері осы проблеманы көтеріп келемін. Барлық құзырлы орындарға өтініш хаттар жібердік. Ләм-мим деген адам жоқ. Құрғақ уәдемен ғана тойдырады.

Зухра МҰСАЕВА, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұрынғы әкімге қаншама не қылғанбыз. Құжат бойынша 4 рет асфальт салынған деп айтты. Негізі бір ретте салынбаған. Ешқашан асфальт салынбаған. Мына әкімге барсақ бұл айтады осы уақытқа дейінгіге мен жауап бермеймін.

Әкімдіктегілер су және кәріз құбырын тарту жұмыстары кешеуілдегенін, соның салдарынан жол жасай алмадық деп ақталды.
 
Бауыржан БАШЕНОВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Су құбырларының  жөндеу жұмыстары осы 2021 жылы бітті. Содан кейін біз осы көшелерге жолға заявка бердік. Мердігер компания бар.  Қаратау жолдары ЖШС. Осы жолдарды жөндеуді ұтып алған болатын. Олардың жұмысты аяқтау уақыты 31-ші қазанға дейін. Келісім-шарт бойынша. Егер келісім-шарт бұзылатын жағдай болып мердігер компания бұл жолы жасамайтын болса арнайы уже құзырлар органдар жұмыс жасайды.

Тұрғындар жылдар бойы жасалмаған жұмыстың алдағы 2 ай ішінде бітетініне күмәнмен қарайды. Қараша айына дейін жол болуы екіталай. Өйткені жолды жөндеуді жеңіп алған серіктестік әлі жұмысты бастамаған.
 
Ә. Лесбек