Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оралда үш қызды қағып кеткен көлік жүргізушісі есірткі қолданған

AstanaTV
20.09.2022ж. 20:00
1683
Оралда үш қызды қағып кеткен көлік жүргізушісі есірткі қолданған

Оралда  3 оқушыны көлік қағып кетті. Полиция дерегінше, көлік жүргізушісі есірткі қолданған. Сондай-ақ, балалардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені анықталған.  Оқиға қалай болды, куәгерлер не дейді? Өңірден-Еркін Карин.   

Жұртты дүр сілкіндірген оқиға мектептің іргесіндегі аялдамада болған. Мектеп директорының айтуынша, мұғалімдер оқушыларды осы жерден күтіп алып,  шығарып салатын көрінеді. Сондықтан бұл жағдай көпшіліктің көз алдында болған. Куәгерлердің айтуынша, балалар  жолды кесіп өтеміз дегенде ауыр көліктің астына түсіпті.  
 
Өркен ӨТЕПОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ №30 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мұғалімдер болған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бірден алғашқы көмек жасап, жедел жәрдем шақыртты. Жүргізушімен сөйлестім: «Байқамай қалдым. Алдымнан шауып шықты, апа-ау, мына жерде»,-деп айналып жүр. Ол кісі де қатты шошыған сияқты. Балалар енді белгіленбеген жерден шауып шықты ғой.
 
Ауыр жараланған үш оқушы көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер олардың миы шайқалып, аяғы сынғанын айтады.  Қазір жағдайы тұрақталды дейді.
 
Ескелді ЖӨКЕНОВ, НЕЙРОХИРУРГ ДӘРІГЕР:

Екеуінің алдын-ала диагнозы ЗЧМТ головного мозга. Ал ана қыз балада оң жақ аяғының табан бөлігінде жаншылған жарақат. Қабылдау бөлімінен тез арада ота бөліміне көтеріп, ота жасадық. Қазіргі уақытта үшеуі де травмотология бөлімшесінде, жарақат бөлімінде. Тиісті емдерін алып жатыр.
 
Ал полиция ассенизатор көлігімен қыздарды қағып кеткен жүргізушінің есірткі қолданғанын мәлімдеді. Қазір ол қамауға алынып, тиісті сараптама тағайындалған. "Жол қозғалысы ережесін бұзу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
 
Лунара АМАНҒАЛИЕВА, БҚО ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
 
Жүргізушіге медициналық сараптама жүргізу барысында оның есірткіден мас күйінде болғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
 
Сондай-ақ, полиция рейдтік тексеру жұмыстарын күшейтпек. Ал қыздар әзір мектепке бармайды. Дәрігерлердің айтуынша, әлі бір ай емделеді.
 
Е. Карин