Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қостанайда көпқабатты үйдің тұрғындары аулада салынып жатқан құрылысқа наразы

AstanaTV
22.09.2022ж. 20:00
1711
Қостанайда көпқабатты үйдің тұрғындары аулада салынып жатқан құрылысқа наразы

Қостанайда көпқабатты үйдің тұрғындары аулада салынып жатқан құрылысқа наразы. Себебі, күнделікті тарсыл-тұрсылдан ескі баспанамыздың қабырғасы жарылып, іргетасы сөгіліп жатыр дейді.  Айтуларынша, құрылыс заңсыз жүргізілуде.  Сот шешімімен мердігер компанияға айыппұл салынған көрінеді. Бірақ,  бұған да қарамастан, жұмысты тоқтатпай отыр дейді.  Мәселенің мән-жайын тілшіміз Заңғар Санай тарқатады.
 
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Қаланың қақ ортасындағы бұл үйдің іргетасы осыдан 61 жыл бұрын қаланған. Содан бері көне баспана ешқандай күрделі жөндеу көрген жоқ , дейді тұрғындар.Ал ауладағы көпқабатты үйдің құрылысы басталғалы ескі нысанның қабырғасы жарылып, сылақтары түсе бастаған.

Мамыр айынан бері маңайдағы құрылыс жұмыстарының шуы мен қатты дірілі тұрғындардың тынышын кетірген көрінеді. Айтуларынша,  олар тұратын ескі үйдің қабырғасына жарық түсіп, іргетасы ыдырай  бастаған.

Руслан ЛАШЫНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бетон діңгектерді қаға бастағанда үйіміз  қатты дірілдеп кетеді. Шатыр құлап, іргетасы жарылып  кете ме деп қорқамыз.

Татьяна ГЛУШКО, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Пәтер иелері копперативі түк істемей отыр. Құрылыстың бізге қатысы жоқ дейді. Әкімдікке жол сілтейді.

Тұрғындардан шағым көп түскендіктен, қала билігі құрылыс алаңына тексеру жүргізген.   Серіктестіктің тиісті рұқсат алмай, құрылысты заңсыз бастағаны анықталды.  

Гүлсара ҚАСЫБАЕВА, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында өрескел заңбұзушылықтар жіберілген. Жергілікті атқарушы орган үш рет әкімшілік  жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс білдірді. Қомақты айыппұл салынды. Сот шешімімен құрылыс тоқтатылды.


Бірақ құрылыс әлі жүріп жатыр, дейді тұрғындар. Компания басшысы  құрылысты  құжатсыз  бастағанын мойындап  отыр. Тіпті үйіне зақым келген тұрғындарға қол ұшын созып, күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржының жартысын көтеруге дайын екенін айтты. Ескі үйді жаңғыртуға шамамен 60 миллион теңге қажет дейді.

Владимир МАРАР, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
 
Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі- тұрғындарды  басқа жаққа көшіру.Бірақ олар бұған түбегейлі қарсы. Немесе күрделі жөндеу жүргізу. Әкімдікпен бірлесе отырып істеуге болады деп ойлаймын. Олар бізге, біз оларға жәрдемдесуіміз керек.


Құрылыс компаниясының басшылығы  рұқсат қағаздарды алған соң жұмысты жалғастыратынын жеткізді. Шаһар орталығында  18 қабатты үй салмақ. Ал тұрғындар оны лицензиядан айыруды талап етіп отыр.

З. Санай