Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Солтүстіктегі Подгорный ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр

AstanaTV
01.08.2016ж. 20:00
3488
Солтүстіктегі Подгорный ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы Подгорный ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр. Былтыр  елді мекенге жаңа су құбыры тартылған болатын. Артынша ауыл халқы тез арада суды үйді-үйге кіргізіп алған. Алайда содан бері бірнеше ай өткенімен, тіршілік көзі әлі де берілмей жатыр, деп ашынады жұрт. Бұқараның мұңын тілшіміз Абзал Құрманкин тыңдап қайтты.

Подгорный ауылының байырғы тұрғыны Сәпура әже өмір бойы құдық суын тұтынып келеді. Қыста шанамен, жазда арбамен су таситын қарт ана, денсаулығы сыр бере бастағасын, соңғы малын сатып, құбырды үйіне кіргізіп алды. Бірақ одан пайда шамалы, билік өкілдері суды үй үйге таратуға асықпайды, - деп налиды ол.

Сәпура Темірова, Подгорный ауылының тұрғыны:

20 теңдеген аламыз өзі. Өзім астмамын, ауырамын. Шамам да жоқ, шынын айтқанда.

Ауылда 150-дей отбасы түтін түтетіп отыр. Көпшілігі кеңес одағы заманында тартылған су құбырларын пайдаланып отыр. Ал ауылдың біраз бөлігін сумен қамту үшін билік өкілдері былтыр жаңа магистраль тартқан. Бұл су жүйесіне жүзге жуық үй қосылды. Қаражаты жоқ кейбір тұрғындар ауыз суды үйге кіргізу үшін тереңдігі 3, ұзындығы 15 метрдей болатын орды қолмен қазған.

Асылтас Шәріпова, Подгорный ауылының тұрғыны:

Бәрін өткізді, жақсы қылып. Ал 3 күннен кейін сразу тоқтатып тастады. Енді бұл не? Әкім бір адам қабылдап алу керек деді. Енді оны алып жатқан кісі жоқ. Сол себептен міне су тоқтап тұр. Жарайды жастар тасып алады, ал кәрілерге оңай емес су тасу.

Валентина Пескова, Подгорный ауылының тұрғыны:

Ауыз судың азабынан арыла алмай келеміз. Су құбырын үйге тарту үшін 40 мың теңгеден төледік. Бірақ суды жіберетін түрлері жоқ. Күнде темір құтымен жүреміз. Қысты күні құлап-сүрініп шанамен тасуға тура келеді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Арбалары жоқ тұрғындар осылайша өткен ғасырдың құралдарын пайдаланады. Сексеннің сеңгіріне жеткен әжелер тіршілік көзіне ие болу үшін күнде екі шелекті арқаларына артып, осындай сын көтермейтін жолмен жүруге мәжбүр. Себебі жауапсыз кәсіпкерлер былтыр жолды қопарып-қопарып, артынша оны тегістеп кетуге де жарамаған. Осының кесірінен құдықтан 20 литр суды алған кісілер үйіне тек жартысын ғана жеткізеді.

Аудандық әкімдік өкілдері судың  жіберілмеуін екі түрлі себеппен түсіндіріп отыр. Жаңадан тартылған су жүйесі былтыр құрылыс бөлімінің қарамағында болған. Ал биыл аталған мекеме тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірігіп жатыр. Сондықтан құжат әзірлеу жұмысы біраз уақытты қажет етті, - дейді шенеуніктер. Бұдан бөлек, ауылдағы сорғы станциясы да әзірге жарық көзімен қамтылмаған.

Бахыт Ілиясов, Қызылжар аудандық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а.:

Нысанды арнайы комиссия қабылдады. Су жүйесінің техникалық паспорты бар. Қазір электр таратушы компаниямен келісімшартқа отырайын деп жатырмыз. Жуық арада су беріледі. Сондай-ақ, мердігер компания күзге дейін барлық жолдарды қалпына келтіреді.

Аудан атқамінерлері осылайша Подгорный ауылы тамыздың аяғына дейін таза ауыз сумен қамтылады, деп уәде етті. Ал оған дейін  елді мекен тұрғындары шалғайда орналасқан құдықтың суын тасып ішуге мәжбүр.

Абзал ҚҰРМАНКИН