Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жалдамалы жұмысшылар күніне қанша табыс табады?

AstanaTV
24.11.2022ж. 20:00
2751
Жалдамалы жұмысшылар күніне қанша табыс табады?

Урбанизация ушығып тұр. Ауылдық жерден үлкен қалаларға жұмыс іздеп келушілер азаяр емес. Күн көрудің қарекетімен жүргендер жалданып жұмыс істейді. Олар күніне қанша табыс табады? Тілшіміз Дәрібек Оңалсын жалдамалы жұмысқа жегіліп, кейіпкер кейпіне еніп көрді.

Дәрібек ОҢЛАСЫН, ТІЛШІ:

Жұртшылық арасында бұл жер «Құлбазар» атанып кеткен. Қаумалап тұрған жігіттердің бәрі тепсе темір үзеді. Бірақ жалданып жұмыс істейді. Күніне қанша табады, жұмысты кім ұсынады? Жауабын іздеп көреміз.

Алдымен өзім секілді жас жігіттерге бардым. Жөн сұрастым. Күн суытқалы жұмыс азайып кеткендігін айтты. Қолыңнан іс келмесе ешкім жалдамайды деп жанашырлық танытты.

Жұмыс іздеп жүргендей қалың топтың арасына кірдім. «Қайдан келдің, басқа жерден жұмыс іздеп көрдің бе?» деп бәрі сұрақты қарша жаудырды. Рет-ретімен жауап бердім. Өздерін сөзге тарттым. Күн суытқалы жұмысшы іздеп келушілердің қарасы азайыпты.

Жұмыс ұсынушылар алдамайды дейді мұндағылар. Келіскен ақысын тапсырманы тиянақты орындасаң төлейді екен. Жұмысшы іздеп келушілер жоқтың қасы. Ұзақ тұрдық. Тоңа бастадық. Кейбірі үйлеріне қайта бастады. Менің жолым болды.

Дәрібек ОҢЛАСЫН, ТІЛШІ:

Қыстың күні жалдамалыларға жұмыс та табыла бермейді. Таңменен жүріп қар күреуге келістім. Бұл еңбегіме небәрі 4 мың теңге төлейді. Күн суық, тоңып тұрмын. Бірақ басқа амалым жоқ.

Амалы жоқтар жалданып жұмыс істейді. Бірақ олардың қызметін пайдаланушылар да көп емес. Себебі, танымайтын жандарға сенбейді. Тонап кетеді, үйін білдіреді деп қорқады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

-Жоқ, өзіміз күрейміз, жалдамаймыз.

-Жоқ, өзіміздің таныстарымыз бар.

-Мен өзім жалданып жұмыс істеймін, күніне 10 мың табамыз.

Бұл жерден нан тауып жүргендер өзге облыстан келгендер. Көпшілігінің тұрғылықты жерге тіркелмеген. Сондықтан жұмыссыздыққа тіркеле алмайды, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалана алмайды.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ауылдан көшу статистикасы 20 пайызға өсті мен оны агенттік статистикасынан көрдім. Бұған себеп ауылда тұрақты жұмыс жоқ. Табыс көзі төмен. Жайылым жердің жетіспеушілігінен кәсіппен айналысамын деген дүйім жұрт күн көремін деп қалаға келеді. Бұл мәселені шешетін жол. Ауылға қаражатты күшейту керек. 2,5 пайызбен берілетін несиені ауыл жастарына беру керек.

Барлығы күн көрудің қарекетімен жүр. Отбасын асырап, тіршілігін түзегісі келеді. Салдарымен емес себебімен күресу үшін ауылдың мәселесін шешу маңызды.

Д. Оңласын