Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Таразда бүтін бір ауыл өркениет атаулыдан қалыс қалған

AstanaTV
09.08.2016ж. 20:00
2660
Таразда бүтін бір ауыл өркениет атаулыдан қалыс қалған

Таразда бүтін бір ауыл өркениет атаулыдан қалыс қалған. Әуежай маңында тұратын 20-ға жуық адам арнамызға шағымданды. Айтуларынша, ауыз су жоқ. Ал ішіп отырған су санитарлық талаптарға сай келмейтін көрінеді. Жарық пен жол мәселесі де өткір тұр. Қала іргесінде тұратын халық билікке мәселелерін айта-айта төзімдері таусылғанын айтады. Данияр Әлімқұл жұрттың жанайқайын тыңдап келді.

3 мың халық тұратын ауыл халқының жанайқайы осы. Халық ауыз суды қайнатып, сүзгіден өткізіп күн көріп отыр. Жарық мәселесі де жолға қойылмаған. Электр сымдары ескірген. Соның салдарынан ток қуатының төлемдерін жекеге төлеуге мәжбүр. Ал бұл екі есе шығын, дейді. 

Құдайберген Тынышбай, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз аэропортқа да, қаладағы электрожелілердің түбіртіктерін бақылауына да қарамаймыз. Айтсақ, барлығы далада қалғандай ауылмыз біз. Ақшамызды аэропортқа заңды тұлға ретінде 21-22 теңге төлейміз 1 киловаттына. Ал қалада, керісінше, 1 киловаттына 14 теңге төлейді. Сосын канализация мәселесі.  Су жақын, суымыз тартылмайды.

Тұрсын Құрманова, Тараз қаласының тұрғыны:

Біз елміз-ау, халықпыз-ау деген жанашырды көрген жоқпыз. Бізді осы мәселе ашындырады.

Жергілікті билік ауылдың проблемаларынан хабардар. Тек оларды шешуге уақыт қажет деп отыр.

Бақытжан Жақсылықов, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

70 шаңырақ тұрады әуежай маңында. Электр қуатымен қамтамасыз ету тұрақты болып, қыста желде өшпеу үшін, жаңбырға өшпес үшін жергілікті бюджеттен 3,5 млн теңге бөлінген. Сол қаржыға жобалық-сметалық құжаттар жасалынған. Бүгінгі таңда құрылыс, монтаж жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сараптамдан өтуде. Ал жұмыс жобамен 60 млн теңгені құрайды. 

Жоспар бойынша жол мәселесі де биыл шешілетін болған. Тұрғындардың айтуынша, атқамінерлер "бюджеттен бақыр тиын бөлінбеді" деп, бұл жолы да беттерін қайтарыпты.  Ал, қоғамдық көліктер жол жаман деп, айдаладан түсіріп кететін көрінеді. Жолдың азабын тартқандар өздері-ақ жөндеп алмақ болыпты. Алайда, қалталары көтермеген. Ал биліктегілер барлық мәселені шешеміз деп уәдені үйіп-төкті. 

Данияр Әлімқұл, тілші:

Осылайша, кеңестік кезден бері қала құрамына қарайтын әуежай маңы енді келесі жылдан бастап жанданады деп күтілуде.  Әзірге «баяғы жартас - сол жартас» қалпында қала бермек.