Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Мамам мені өлтіретін шығар»...

AstanaTV
10.09.2016ж. 20:00
4378
«Мамам мені өлтіретін шығар»...

Жастар жақсы білетін суретші Аңсаған Мұстафаның «Мамам мені өлтіретін шығар» деген карикатурасын көпшіліктің қызу талқылағаны есте. Міне, мына суретті. Бұл қыздар ғана емес, жігіттерге де арналған «сырға-сурет».

БҰҰ –ң мәліметі бойынша дамушы елдерде күніне кәмелетке толмаған 20 мың қыз босанады екен. Жылына 7 миллионнан астам қыз. Оның 2 млн-ы 15 жасқа дейінгі.

Ал елімізде жылына 15-пен 19 жас аралығында 20 мың қыз жүкті болады, жартысы түсік жасатады. Бұл әрекеттердің моральдық – психологиялық қырын айтпағанда, аборт жасатқан қыздардың кейін бала сүйе алмай қалатындары аз емес. «Бар» нәрсені «жоқ» деп мойындамаудан, көрініп тұрғанды көрмеген кейіп танытудан, ұят, намыс сөздерін қолданбайтын жерде қолданудан шаршайтын емеспіз. Ал бір балаға зар қаншама отбасы жүр – құдайдан тілеп, арзан тұрмайтын экстракорпоральдіұрықтандыру қызметіне жүгініп. Ажырасып тынатындар туралы жалғастыру артық... Абзал Құрманкиннің материалы.

Қазақстанда әрбір үшінші әйел түсік жасатқан. Теріс көрсеткіштен төбе шашың тік тұрады. Бірақ, бұл дәлелденген статистика. Елімізде аборт мәселесі белең алып барады. Көп жағдайда әлеуметтік ахуалдың төмендігінен аналар абортқа жүгінуге мәжбүр болатындарын айтады. Гүлфайруз Жағыппарова осыдан бірнеше жыл бұрын солай еткен. Әрине, айлықтың шайлыққа жетпегенінен.

Гүлфайруз Жағыппарова, Петропавл тұрғыны:

Бірінші абортты істеткен соң, көпке дейін денсаулығым қалпына келмеді. Екі рет түсік тастадым. Кейін екінші және үшінші баламды әзер дегенде таптым. Дәрігерлер егер де тумасаң, бедеулікке шалдығасың, деді.

Қазақстанда жыл сайын 100 мыңға жуық аборт жасалады екен. Тек Қызылжар өңірінде күніне түсік жасатуға 4-5 әйел келеді. Олардың көбі 20-30 жас аралығын қамтиды. Бірақ, кәмелетке толмаған қыздар да бар. Биылдың өзінде Солтүстік Қазақстанда 52 жасөспірім аборт жасатқан. Алайда, бұл сан нақты емес. Себебі, 18-ге толмаған қызға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасауға рұқсат берілмейтіндіктен, кей жеткіншектер арнайы дәрілерді қолданады.

Марина Тимофеева, Петропавл қ. №1 емханасы әйелдер кеңесі бөлімінің акушер-гинеколог маманы:

Қалада абортқа арналған дәрілердің астыртын сауда нүктелері бар. Көбі қытайдан келеді. Оны қолданудың белгілі бір уақыты бар. Бірақ, оны сататын кісі егжей-тегжейлі түсіндірмейді. Ал жас қыздар оған аса мән бермей, сатып алады. Кейін бұл қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Аборттың қандай түрі болмасын әлбетте, зияны бар. Мұның соңы әйелдің қайтіп бала көтермеуіне алып келуі мүмкін. Бүгінде елімізде әрбір 5-ші жұп перзент сүйе алмай, бармақ тістеп жүр. Осы проблеманы жою мақсатында бірнеше жыл бұрын «Отбасыны жоспарлау» бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында отбасы  құрудан бастап, алдағы уақытта балалы болу және болмау мәселесiне қатысты кеңестер беріледі.

Елена Калюжная, Петропавл қ. №3 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Аборт жасағысы келетін әйел бізге келген кезде біз оның алдағы өмірінің жоспарын құрамыз. Жүктілігін тоқтатқаннан кейін, арнайы гармональді дәрілермен қамтамасыз етеміз. Кейін жолдасын да тіркеп, түгел отбасыны бақылауға аламыз. Қазір біздің орталықта 400 жұп тіркеуде тұр.

Әлем тәжірибесі туралы айтар болсақ, Польша, Ирландия, Мальта мен Филиппинда абортқа заңмен тыйым салынған. Оңтүстік Америка елдері де түсікті онша құптамайды. Мұнда тек инцест, зорлау мен ананың өміріне қауіп төнген жағдайда ғана аборт жасауға рұқсат берілген. Тәжірибелі психолог Мадина Усимбекованың пікірінше, Қазақстанға да осы бағытта бір заңнама қарастырған дұрыс.

 Мәдина Усимбекова, ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» психолог маманы:

Әйелдер жасағаннан кейін, постабортный синдром деген бізде термин бар, жалпы медицина саласында. Одан кейін көп әйелдер күйзеліске ұшырайды. Оның соңы мынау есірткіге жол беруі мүмкін, сонымен қатар ішімдікке жол беруі мүмкін, жіптің тізгінінің соңында адамның асылуына да алып келеді. сондықтан біз бұл жерде бір баладан айырыламыз деп, аборт жасаймыз деп, ананың өмірін де біз қауіпке қойып отырмыз. Сондықтан бір адамның емес, екі адамның өмірі бізде қауіп астында. Егер де осы жағдайларды ескеретін болсақ, онда біз абортқа тыйым салу мәселесін қарастыруымыз керек.

Тағы бір азамататтар өзгеге еліктеудің қажеті жоқ, деп санайды. Яғни, олар абортқа тыйым салуға түбегейлі қарсы. Бір жағынан аборт әйелді ажал аузынан алып шығудың  жолы болса, екіншіден бұл заңсыз оталарға әкеліп соқтыруы мүмкін, дейді олар.

Индира Кәкімова, ШҚО қоғамдық кеңестің өкілі:

Егер де аборттарға тыйым салынса, криминалды аборттар пайда болады. Бұл қазіргі елдегі әлеуметтік мәселелерді шешудің орнына, ушықтырып жібереді. Егер де абортқа заң жүзінде тыйым салынса, онда тастанды балалардың саны көбейеді. Сәйкесінше балалар үйінің саны артады. Болашақта елде жүгенсіз кеткен жасөспірімдердің қатары өсіп, әлеуметтік дау-жанжал пайда болады.

Алла бәзбіреуге перзент сүюге мүмкіндік берсе, енді бірі қанша тырысқанымен, бұл мақсатқа қол жеткізе алмай келеді. Амалы таусылған жастар әдетте бақсыларға жүгінеді, киелі жерлерді аралайды. Бірақ, көп жағдайда бұл ырымнан нәтиже шықпайды. Сондықтан жұрт заманауи медициналық технологияларға мән бере бастаған. Қазір әлемде экстракорпоральді ұрықтандыру тәсілі кеңінен қолданылып жатыр. Қазақстанда 20 клиниканың мамандары шетелде оқып, арнайы сертификаттарға ие болған. Алайда, мемлекеттік тапсырысты орындауға олардың бесеуінде ғана мүмкіндік бар. Қазір мемлекеттің тарапынан «ЭКО-ға» бөлініп жатқан квота саны шектеулі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын 60 жұп қана тегін ұрықтандыруға мүмкіндік алады. Ал ниет білдірушілердің саны бұдан әлде қайда көп.

 Ада Шульженко, репродуктолог:

 Мемлекет ЭКОға квотаның белгілі бір көлемін бөледі. Бірақ, барлығына жетпейді. Жас отбасылар кезекте жылдап тұрады. Мысалы, Шығыс Қазақстанға биыл 60 квота бөлінді. Ал өтініш бергендердің саны 500-ден асып жығылады.

Кезекті күтіп, шыдамы таусылған Өскемен тұрғыны Маргарита өз бетінше тірлік қыла бастады. «ЭКО» қымбат болғандықтан, отбасына мүлікті сатуға тура келген.

Маргарита, Өскемен тұрғыны:

Жолдасым екеуіміз әжеміздің саяжайы мен көлігін саттық. Одан түскен қаражатты ЭКО -ға жұмсаймыз. Басқа амалымыз жоқ. Уақыт та жылжып барады. Сондықтан ЭКО -ң ақшасын  өзіміз төлеп, жасатқымыз келіп тұр.

Мамандардың айтуынша, жасанды ұрықтандыруға ынта білдірген әйелдердің жартысына жуығы жас кезінде аборт жасатқан. Демек, статистика көрсетіп отырғандай, оладың бедеулікке тап болудың негізгі себебі – аборт. Жұрттың көбі бұл сұмдықтың тамырына балта шабу керектігін айтады. Яғни, мектепте әлеуметтік пән енгізіп, оқушылармен ашық әңгіме жүргізген жөн.

Алина Орлова, "Әйелдерді қолдау орталығы" қоғамдық ұйымының директоры:

Міндетті түрде әлеуметтік пәнді оқу жүйесіне енгізу керек. Меніңше, ерте сыныптардан бастап. Әрине, бүкіл ақпаратты бірден беріп қоймай, бірте-бірте, сатылап балалардың жыныстық қатынас бойынша сауатын ашу керек.

Абзал Құрманкин, «Біздің уақыт».