$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Мөлшерден артық жауған қар кей аймақтарды әбігерге салуда

AstanaTV
05.04.2016ж. 20:00
2277
Мөлшерден артық жауған қар кей аймақтарды әбігерге салуда

Еріген қар суы бірнеше аймақтың тұрғындарын әбігерге салып, төтенше жағдай қызметін аяғынан тік тұрғызды. Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Қостанайдың шеткі аудандарында қызыл су баспаналарға кірген. Атыраулық төтенше жағдай қызметінің мамандары ауыр техникаларын алып, көрші Ақтөбе облысына көмекке аттанды. Ал Қызылордада қар жауып, сынап бағаны 0 градусқа дейін төмендеді. 

Бұл - Қостанайдағы «Солтүстік-Батыс» шағын ауданы. Отыз шақты үйдің тұрғындары «су деңгейі көтерілсе, баспанамыз суға кете ме» деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Айтуларынша мұндай жағдай жыл сайын қайталанады. 

Надежда Зотова, Қостанай қаласы «Солтүстік-Батыс» шағын ауданының тұрғыны:

Қар суы менің аулам арқылы ағып жатыр. Екі жыл бұрын үйімнің қабырғасы құлап, жаз бойы баспананы жөндеп едік. Енді, міне, екінші қабырғасы құлайын деп тұр.

Жылдағы нормадан 4 есе көп жауған қалың қар биыл ақтөбеліктердің де мазасын қашырды. Наурыз айының алғашқы жұлдызында құрылған арнайы штаб бүгінге дейін үздіксіз еңбек етуде. 400 мың тонна қар шығарылып, 216 мың текше метр су сорылған. Бірақ қала маңындағы бірқатар елді мекендер қауіптен әлі де арылған жоқ.

Анар Күндолова, Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

Қарғалы, Мәртөк, Хромтау және Әйтекеби аудандарында қар әлі толық еріп болған жоқ. Соған байланысты алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Яғни су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде. Оған төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен күштері толық дайындықта. Осы аталған 4 ауданда 5 сантиметрден 60 сантиметрге дейін қар бар.

Өткен жексенбіде Жаңақоныс ауылының Бірлік шағын ауданын су шайып кеткен. Билік өкілдері кез-келген уақытта тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге қауқарымыз бар дейді. Бірақ әзірге ешкім өтініш білдірмеген. Көрші облыстағы жағдайға Атырау халқы жанашырлық танытты. Бүгін таңертең  50 адам, 9 көлік пен 3 қайық Ақтөбеге жолға шықты. 

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Көктемде болатын табиғаттың асау мінезі атыраулықтар үшін таңсық емес. Өткен жылдың мамырында екі тәулік бойы жаңбыр жауыр жауып, жүздеген үйді су басқан еді. Сондықтан көрші облыстағы жағдайға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Құтқарушылар Ақтөбеде  екі апта бойы  қар суының зардабымен күресіп, халыққа көмектеседі.

Абай Сұлтанғалиев, Атырау облыстық ТЖД  бастығының орынбасары:

Мақсатымыз - еріген қар суын сорып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру.  Әзірге  жеке құрам 14 тәулікке бара жатыр, әрі қарай жағдайға қарай көреміз.

Ал бау-бақшасы ерте көктеп, ағаштары бүр жарған Қызылордада бүгін таңертең жауын соңы жапалақтап жауған қарға ұласты. Аймақта биыл көктем әдеттегіден ерте басталып, кей жерлерде ауа температурасы +30 градусқа дейін көтерілген еді. Тіпті  кей аудандарда көктемгі дала егін жұмыстары да басталып кеткен. Ал бүгін күндіз ауа температурасы 0 градусқа дейін төмендеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ