Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Мәскеуде Астана күндері өтіп жатыр

AstanaTV
20.09.2016ж. 20:00
2583
Мәскеуде Астана күндері өтіп жатыр

Қазақстан мен Ресей астаналары бидай, ет, жеміс-жидек және машина жасау бойынша сауда қарым-қатынасын реттей түспек. Бұл туралы Елорда әкімі Әсет Исекешев Мәскеу қаласының басшысы Сергей Собянинмен өткізген кездесуінде мәлімдеді. Ол Мәскеуде өтіп жатқан Астана күндері қарсаңында болды. Ресми кездесулер және түрлі форумдармен қатар мәдени бағдарламалардың орны бөлек. Шығармашылық топтың құрамында 400-ге жуық өнерпаз аттанды.

Мәскеудің солтүстік-шығысындағы көрме алаңы Қазақстан алаңына айналды. Бірнеше шаршы метрге жайылған этноауыл қазақ өнерінің қаймағы бұзылмаған тіршілігін жандандырды. Әсіресе, бойы екі метр болатын мына батырлар этноауылдың көркі болды. Қазақ ауылына келген ресейліктердің дені алыптарды қызықтады.

Асхат Халимов:

Көптеген адамдар дала халқын түсінбейді. Аңның терісін жамылып алып, киіз үйде отырады деп қабыладйды. Ал негізінде бұрын қалалар да өнер де болған ғой. Кремльдің өзінде Петр І қару-жарақ бөлмесінде сақ, ғұн дәуірінің костюмдері бар.

Этноауылға мәртебелі меймандар да бас сұқты. Астана әкімі Әсет Исекешев Мәскеу үкіметінің министрін экспозициялармен таныстырды. Қонақтар киіз үйлерге кіріп, бауырсақтан дәм татты. Дегенмен көрменің басты мақтанышы - ЭКСПО-2017 павильоны. Қазақстан үшін маңызды халықаралық көрменің соңғы жаңалықтары осы жерде көрініс тапты.

Сергей Черемин, Мәскеу қаласы үкіметі министрі:

Біз ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатырмыз. Бір жаумен соғыстық. Державаларымыздың қуатын арттырдық. Бұл екі ел астанасының ынтымақтастығын нығайта түсетін маңызды кезең.

Көрмеге арба-арба жеміс-жидек пен көкөністер де әкелінді. Қызыққандарға киіз үйдің қалай құрылатынын да көрсетілді. Ал киіз үйдің ішінде текемет, кілемше тоқылып жатты. Қыш құмыралар да осы алаңда құйылды. Қазақ өнеріне қызыққан ресейліктер аз келген жоқ этноауылға. Олардың дені алтыбақан теуіп, кәдесыйларға қызықты.

Чайник, кесе, верблюжонка, мехового, дочери купил, шапочку национальную. Очень понравились качели жене.

Болат Мажағұлов, Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы:

Астана күндерінің аясында 400-ге жуық отандасымыз ат салысуда. Бүкіл күшімізді, терімізді төгіп, бірақ еліміздің абыройын асқақтату үшін бар күшімізді саламыз.

Астана күндері аясында қазақ шоу бизнесінің жұлдыздары Кремль сарайында өнер көрсетті. Ұйымдастырушылар билеттердің ә дегеннен өтіп кеткенін айтты. Эстрада әншілерімен қоса, қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен домбырашылар ансамблі күйлерді әуелетсе, «Наз» би тетарының бишілері мың бұралып келушілерді тәнті етті. Осы кеште алты мыңдай мәскеулік қазақ өнеріне сусындады. Кремль сарайы дәл осынша көрерменді сыйдырады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ