$444.85 €477.19 ₽5.42
×

Түркістандық 10 жасар бала тоққа түсіп, аяғынан айырылды

Түркістандық 10 жасар бала тоққа түсіп, аяғынан айырылды

Түркістанда 10 жасар бала жоғары кернеулі тоққа түсіп, майып болды. Дәрігерлер оның аяғын кесуге мәжбүр болған. Зардап шеккен Бейбарыс Салықбайдың ата-анасы электр тарататын торабтың есігін ашық қалдырғандар өтемақы төлесін деген талап қойып отыр. Алайда, энергетиктер кінә бізден болған жоқ дейді. Тараптарды аймақтағы тілшіміз тыңдады.

Оқиға бір ай бұрын болған. Содан бері тоқ соққан Бейбарыс тырп етпестен ауруханада жатыр. Жиырма күндей жансақтау бөлімінде болды.

Бейбарыс САЛЫҚБАЙ, ЕМДЕЛУШІ:

Ойнап жүріп есекті шығаруға бардық. Сосын анаған шығып көрейін дедім. Сосын ұстаған кезде тоқ ұрды, сол тоқ сосын құлатты. Айналдырды біраз басымды, сосын достарым қасыма келді.

Дәрігерлер алғашында баланың жағдайы ауыр болғанын айтады. Аяғының бір бөлігін кесуден басқа амал қалмапты. Қолы да қатты күйген.

Сәкен ТҰРЫСБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Осында жатқалы бері екі рет сол қолының терең күйіуіне байланысты терісіне ота жасалды. Қазіргі кезде әлде де науқастың жағдайы жақсарумен, бірақ ем әлде де алады. Тағы да бір немесе екі ота жасалады балаға.

Бейбарыстың ата-анасы жоғарғы кернеулі тораптың қоршауы неге ашық қалған деп шырылдап жүр. Қауіпсіздікті ескермеген мекемеден өтемақы талап етуде.

Салықбай ТӨРЕШОВ, Б.САЛЫҚБАЙДЫҢ АТАСЫ:

Подстансаның енді үлкен бұл тек қана біздің совхозға емес, мынау Монтайтас бәріне кетеді, соны ашылмайтын жөнді құлыптармен істемей ма?! Біз енді жас баланың өмірі не болады?!

Жәнібек ТӨРЕШОВ, Б.САЛЫҚБАЙДЫҢ ӘКЕСІ:

Аяғы кесілді. Мына жерден аяғын кесті. Алдын ойлағанбыз біз жер басып жүреді деп, саусағы жарамайды дегенге. Баланың келешегі не болады ол? Тағдырына балта шабылды ғой, жылда протез аяғына ол сүйек өседі, 25 жасқа дейін баланың аяғы өседі. Ол жылда операция істелінуі мүмкін аяғына.

Ал энергетиктер жоғары кернеулі тоқ тарататын нысанның есігі ашық болды дегенмен келіспейді. Сөздерінше, ойын баласы кәсіби мамандардың өзі кіре бермейтін 35 мың киловольттік желі тартылған аумаққа өрмелеп шыққан деп отыр.

Жаханбек СЕРІКБАЕВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС ҚАЗЫҒҰРТ АЭЖ БАС ИНЖЕНЕРІ:

Қоршаулы тұрған подстансаның замогын бұзып кірген. Іштегі қоршаудың ішінде тұрған қондырғы 35 мыңдық оның замогын бұза алмай үстіне шыққан ғой ограждениенің. Сөйтіп бала жарақаттанған. Одан кейін келіп біз замогын ауыстырдық. Ішінде мал жүреді дейді, ол малды жүрсе ішіндегі от пен сыртындағы от бірдей болып кету керек қой.

Қазір бұл іспен полиция айналасып жатыр. 10 жасар баланың кімнің кінәсінен аяғынан айрылғаны содан соң анықталмақ.