Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда бала өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот жалғасуда

AstanaTV
25.10.2016ж. 20:00
2588
Павлодарда бала өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот жалғасуда

Керекуде 12 жасар баланың өлімімен аяқталған жол апатына қатысты сот жалғасуда. Алғашқы тыңдалымда айыпталушы кінәсін толық мойындап, жәбірленуші тарапты келісімге шақырған. Әуелде бұл ұсынысты қабыл алған Таңат Шәгіров енді райынан қайтып, істі соңына дейін жеткізуге бел буғанын мәлімдеді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Тараптар ымыраласуға келіскен бұл істің соңғы нүктесі қойылады деп күтілген. Бірақ жалғыз ұлынан айрылған Шәгіровтер сот залында жаңа шешімін жариялады. Бастапқыда қабылдаған процессуалдық келісімнен бас тартты. Жеткіншектің өліміне әкелген жол апатында көлік тізгінінде 23 жастағы жігіт болған. Арнайы сараптама көліктің сағатына 106 шақырым жылдамдықпен жүйткігенін анықтады. Апат орын алған кезде оның жүргізуші куәлігі болмағанын полицейлер растаған. Бірақ айыпталушы тергеу деректерімен келіспейтінін мәлімдеді.

Я не знал, что меня лишили прав. Когда ДТП был, тогда я только узнал, что лишен. Катался на машине, гаишники останавливали, проверяли, у меня при себе были права.

Қайғылы оқиға өткен жылы қазанда орын алған. Таңат Шәгіров ұлы Мейраммен қонақтарды шығарып салу үшін көшеге шығады. Көлік келе жатқанын көрсе де, «үлгереміз» деген оймен жолды төтесінен кесіп өтеді. Қатты жылдамдықпен келген көлік әкелі-балалы екеуді қағып, жеткіншек сол жерде көз жұмды. 

Таңат Шәгіров:

Бізді 100 метр қалғанда көріп, көлікті тоқтатуға тырысқанын айтты. Соққыдан кейінгі тежеу жолы 63 метр. Егер ол, өзі айтқандай, сағатына 60-70 шақырыммен келсе, тоқтап үлгерер еді. Соқса да, балам  жарақат алып, аман қалар еді. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша іс қозғалған, бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Соттың келесі отырысы қарашаның 8-не белгіленді.

 Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ