Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шағын және орта бизнеске кеңес заманынан келе жатқан талаптар қойылады - Р.Жүрсінов

AstanaTV
24.11.2016ж. 20:00
2423
Шағын және орта бизнеске кеңес заманынан келе жатқан талаптар қойылады - Р.Жүрсінов

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет шағын және орта бизнеске кеңес заманынан келе жатқан көнерген талаптарды қойып отыр. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары  мәлімдеді. Сенатта өткен кәсіпкерлікті қолдауға арналған кездесуде осы мәселе көтерілген. Палата санитарлық қызметтің тексеріс парақшаларына сараптама жүргізіп, нәтижесінде қолданылатын талаптардың 82 пайызы өзекті емес деген қорытындыға келген.

Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

4562 талап бар екен, кейбірінің көнергені сонша, бізге кеңес замынынан мұраға қалған. Мысалы, "жұмыртқаны тек металл пышақпен жару керек. Балабақшадағы қоймалар ғимараттың оңтүстік-шығысында орналасуы керек, жарық құрылғылары металл пердемен қымталу қажет" деген сияқты талаптар өзектілігін әлдеқашан жойған десек болады.

Ал депутаттар мемлекеттік органдар тарапынан шағын-орта бизнеске тексерулердің азаймай отырғанын көтерді. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, 61 мемлекеттік қадағалаушы орган бар. Кәсіп иелеріне 18 мыңнан астам талап қойылады. Сенатор заңның тұрақты болуы қажеттігін де атады. Мысалы, Салық кодексіне соңғы 7 жылда 2 мыңнан астам өзгеріс енген. Экологиялық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде де жүзден астам өзгеріс бар.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің мемлекет тарапынан берілетін кредиттер, субсидияларға қолдары толық жетпей отыр. Оған себеп - банктердің талабы жоғары. Мемлекеттік органдар тарапынан қадағалау- бақылаудың көптігі - бұл да кедергінің бірі сияқты. 

Мемлекеттік орган өкілдері шағын және орта бизнестегі тексерістердің саны 45 пайызға азайғанын хабарлады. Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын да айтып өтті. Дегенмен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің дерегінше, жоспардан тыс тексерулер қысқармаған.