Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қатты аяз бен боран салдарынан Қазақстанның әр аумағында 800-дей адам құтқарылды

AstanaTV
24.11.2016ж. 20:00
3533
Қатты аяз бен боран салдарынан Қазақстанның әр аумағында 800-дей адам құтқарылды

Бірнеше күнге созылған қатты аяз бен боран салдарынан Қазақстанның әр аумағында 800-дей адам құтқарылды. Оның 54-і балалар. Ал, ескертуді тыңдамай өзендегі жұқалтаң мұздың бетіне балық аулауға шыққан 3 адам суға кетті. Синоптиктер биыл қыс қатты болады деп болжам жасайды. Сондай-ақ қытымыр қыстың созылып, елді әбігерге салуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Дәуренбек Бақдәулет әңгімелейді.

Өзге облыстар қармен арпалысып жатқанда, Тараз халқы желмен алысты. 3 қарашада болған дауыл Жамбыл облысына жарты млрд теңгеге жуық шығын әкелген. Қирааған нысандар саны 1754-ке жетіп, оларды қалпына келтіруге 470 млн теңге бөлінді. Енді бұл қаржы желден зардап шеккен 5 аудан мен Тараз қаласындағы ғимараттарды жөндеуге жұмсалмақ.

Әбірхан Жанқұлов, Жамбыл облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

Желдің салдарынан болған төтенше жағдайларға 2016 жылы 170 млн теңге қарастырылған. Оған қосымша осы кезекті облыстық бюджетті нақтылау бойынша қосымша 121 млн теңге қарастырылды. Одан бөлек, мына еліміздің 25 жылдық егемендігіне байланысты Тараздың көшелері мен үйлерін жарықтандыруға 118 млн теңге қаражат қарастырылды.

Өскеменде қар тазалау жұмысына 6 ұйым жұмылып кіріскен. 130 техника қаланы қардан аршып жатыр. Бұл жұмысқа қосымша 57 млн теңге бөлінген. Ал Қарағандыда қар әдеттегі мөлшерден артық жауды, аяз да жылдағыдан күшті. Қыс қаһарына мінгелі қала әкімдігі 33 жаңа техника сатып алған. Бұрыннан қолданыста тағы 55 қара тазалағыш көлік бар.

Думан Маралбай, Қарағанды қаласын көркейту бөлімінің өкілі:

35-40 градус аяз тіркелді. Бұл адамға қанша қиын болса, техникаға да сонша қиын.Халыққа ыңғайлы болу үшін аялдамаларды тазалау - бірінші мақсатымыз. Себебі халықтың жағдайын жасап, бегілі, көздеген жерлеріне кешікпей жету үшін, соларды алдымен тазалаймыз. 249 көше Қарағанды қаласы бойынша тазалаймыз.

Павлодарда да аяздың салдарынан автобустардың жанармайы қатып, жүргізушілер діттеген жеріне жете алмай жатыр. 40 градус аязда сағаттап аялдамада тұрғандар көп. Мамандар күздің соңғы айында мұндай аяз 10 жыл бұрын болған дейді.

С семи часов до 8 стоял. Нет ни 14, ни 5, ни 10-ки. Вот час стояли. Там человек 30 стояло. И мороз был под 30 градусов.

Алматыда қар тазалауға қосымша 400 млн теңге бөлінген. Шаһар әкімі Бауыржан Байбек коммуналды қызметкерлердің айлығын көбейтпек. 1600 қызметкер мен 800-ге тарта техника жұмыс істеуде. Ішкі істер министрінің орынбасары қардың шамадан көп түсуі кей қалаларда қиыншылық тудырғанын мәлімдеді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Қиындықтар болды. Бұл әр бір қыста болады. Мысалға республикалық жолдарда көліктердің жанармайлары қатып, жолда қалу жағдайы.  Көбінде жолаушылар ескертуге құлақ аспай жатады. Соңы қайғылы жағдайға да әкеп жатыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қатты суықтан Алматыда әйел адам қаршадай қызымен далада қалып көз жұмған. ІІМ мамандары жолда қалғандарға қол ұшын созуға әзірміз дейді. Бірақ ескертуге құлақ асу арқылы тұрғындардың өміріне төнетін қауіп сейлер еді,-деп отыр. Ал синоптиктер  бұрқасындатқан боран мен сарышұнақ аяз әлі алда деп отыр. 

Дәуренбек БАҚДАУЛЕТ