Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

БҚО Тұтынушылар құқын қорғау департаменті кәсіпкерді сотқа берді

AstanaTV
06.12.2016ж. 20:00
2575
БҚО Тұтынушылар құқын қорғау департаменті кәсіпкерді сотқа берді

Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті «Бургер стрит+» дәмханасының иесін сотқа берді. Тамақтан уланған азаматтардың құқын осылайша қорғауға кіріскен мекеме моральдық және материалдық шығынды 4 миллион теңгеге бағалап отыр.

Бұл туралы департамент директорының міндетін атқарушы Сергей Щербина хабарлады. Сотқа берілген шағымда ауырған 23 азаматтың әрқайсысына 100 мың теңгеден, үш адамға 300 мың теңгеден моральдық шығын, тағы үшеуіне 100 мың теңгеден моральдық және дәрі сатып алуға кеткен ақшаны өндіру керектігі көрсетілген. 13 желтоқсанда бұл іс сотта қаралмақ.

Сергей Щербина, БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті директорының м.а.:

«Бургер стрит+» дәмханасында орын саны 50-ге жетпейді, сондықтан шағын бизнес нысаны саналады.  Үкіметтің әкімшілік кедергілерді алып тастау жөніндегі талабына сәйкес арнайы санитарлық тексеру жүргізілмейді. Бірақ кәсіпкер тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне осындай тамақтану орнын ашқаны туралы хабарлама жіберуі тиіс. Бірақ ол ешкімді хабардар етпеген. Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Оралдағы дәмханада тамақтанған 29 адамның астан уланғанын бұдан бұрын хабарлаған едік. Олардың жетеуі -  бала. Тексере келгенде, тамақтану орнында ас әзірлеу технологиясының өрескел бұзылғаны анықталған. Артынша жұқпалы аурудың аспаздан тарағаны жайлы ақпарат тараған. Зертханалық талдау адамдардың сальмонеллез ауруын жұқтырғанын анықтады.