Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жалған терроризм жайлы хабар таратқандар мен ұлт араздық тудырғандар рақымшылыққа ілікпейді

AstanaTV
07.12.2016ж. 20:00
2882
Жалған терроризм жайлы хабар таратқандар мен ұлт араздық тудырғандар рақымшылыққа ілікпейді

Жалған терроризм жайлы хабар таратқандар мен ұлт араздық тудырғандар рақымшылыққа ілікпейді. Мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырған Бас прокурор Жақып Асанов осылай деді. Дегенмен, ол тілшілердің бұл төңіректегі сауалына бірден жауап бере алмады.

Қазір 130 ба, 140 па құрам. Шын айтамын, оның барлығын жаттап алу қиын. Бірақ, менің ойымша, лжетерроризм мен қазір көрейікші, алып келші тізімді. 174-пен лжетерроризм бар ма, жоқ па, қарап шығыңызшы.

Қылмыстық кодекстің 113 бабы бойынша сотталғандар рақымшылықтан үміттене алмайды. Олар педофилдер, террористер, есірткі таратушылар, зорлығы үшін, ауыр қылмыс үшін және өмір бойына темір торға тоғытылғандар. Прокуратура қызметкерлері рақымшылыққа кімдердің ілігіп, кімдердің ілікпейтінін әлі жаттап үлгермеген тәрізді. Мәжілістің жалпы отырысына заң жобасын таныстыруға келгенмен, журналистердің сұрағына тосылып, дәлізде заң жобасын қопарып әлек болды. Ақыры департамент басшысы жауап берді.

Серікбай Ерімбетов, ҚР Бас прокуратурасы департамент бастығы:

174-ші бап, яғни ұлт араздық жанжал тудыру экстремистік қылмысқа жатады. Жалған терроризм де сондай. Сондықтан рақымшылыққа ілінбейді. Қазір ғана анықтап алдық. 

Сонымен тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа барлығы 1500 адам ілігеді. Олардың 80 пайызы, яғни 1200 сотталушы толық босамайды, деді прокурор. Колониядан шыққанда басқа жаза тағайындалады және пробациялық қызметтің қадағалауында болады. Ал қалған 300 адам - ұсақ қылмыс жасағандар және әлеуметтік әлжуаз топтар. Мұнымен қоса тағы 11 мың адам ілігеді рақымшылыққа. Бірақ олар түрмеде отырған жоқ, жеңіл жазамен бостандықта жүргендер. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімдері қысқарады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин рақымшылық шарасын демократияның көрсеткіші деп атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл заң жобасы тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен алғашқы рет енгізілді. Осы орайда Президентіміз қателік жасаған азаматтарға кешірім жасап, олардың жаңа өмір басатуына жол ашып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің шын мәнінде демократиялық және өркениетті ел болуының нақты көрсеткіші.

Айгүл ӘДЕПБАЙ