Арна келбеті
Әйгерім Сейфолла

Әйгерім Сейфолла

Қарағанды облысы, Нұра ауданы (бұрынғы Теңіз ауданы), Баршын ауылында дүниеге келіп, Отарбай деген ауылда әжемнің қасында балдай тәтті балалық шағым өтті. Ол жерде 7 сыныпқа дейін оқып, одан соң Құланөтпес ауылында 11 ші сыныпты қызыл аттестатпен тәмамдай жаздап(геометриядан 4 болмағанда), арман қала Астанаға жол тарттым. 

Астанадағы сол кездегі үздік университет саналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика бөлімінде 5 жыл оқыдым. Оқи жүріп астаналық телеарнада түрлі бағдарламалар жүргізіп тәжірибе жинақтауға тырыстым. Жұмыста ең бастысы тәртіптің, шынайылықтың, біліктіліктің, тұрақтылықтың болғанын қалаймын.

Мені жақын танымайтын жандар суық, тік мінезді деп жатады, бірақ жүрегімнің кілтін тапқан жандарға жайдарлымын, ашықпын, сырлас доспын. Мен үшін нәзікжандылардың тек сұлу емес, ару болғаны, бөріктілердің өресі биік, рухы мықты болғаны маңызды. Еш нәрсеге талпынбайтын жандарды жек көрем.

Уақытым жоқ деген сылтау айтпауға тырысам. Жұмыстан тыс уақытымды сүйікті қызыммен өткізгенді қалаймын. Бокс,футболды тамашалағанды жаным сүйеді. Ер бала болғанымда боксшы болар едім деп ойлап қоям. 3 ші сыныптан студенттік өмірге дейін махаббат жайындағы үлкен романдарды оқығаннан ба қазір ол тақырыптағы кітапқа қарағым келмейді. Бүгін мені мемуарлар, тарихи деректер,ойшылдардың қанатты сөздері қызықтырады. Айтпақшы, болашақта мен көрермендеріме танымал жандардың кадр сыртында қалған әңгімелерін, әрекеттерін бейнелеген кітабымды ұсынам.

Мен үшін сүйікті мереке 4 жылда бір рет келетін менің туған күнім, әйелдер мейрамы және Жаңа жыл!

Мысықтан, иттен, биіктіктен, қараңғыдан, жалғыздықтан қорқам. Осыған қарап өзімді сужүрек санаймын. Бірақ, отаным, тілім, дінім, ділім, отбасымды қорғау керек болса мен күреске дайынмын.

Жоспарларым өте көп. Алдағы 10 жылда көрермен жүрегінен ойып тұрып орын алған рейтингі мықты тележүргізушілердің үздік 10-да болсам деген мақсатым бар. Ең үлкен жоспарым ата-ана алдында перзенттік борышымды өтеп, бауырларыма көмектесу және бақытты, бақуатты отбасының бақытты отанасы болу!

Журналистика мен үшін- үлкен мектеп болса, ТВ - өмір. Осы қызығы мен шыжығы біте қайнаған өмірде Адам боп кету – арманым!