Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда жекеменшік тұрғын үйдің газы жарылып, үш адам ауыр жараланды

AstanaTV
11.11.2019г. в 20:30
2293
Алматыда жекеменшік тұрғын үйдің газы жарылып, үш адам ауыр жараланды

Алматыда үш қабатты жекеменшік үйдің газы жарылып, бір отбасындағы үш адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Қалалық нөмірі төртінші клиникалық аурухана дәрігерлері 36 жастағы ер адамның денесін жүз пайыз күйік шалғанын айтты. Қалған екеуінің де жағдайлары мәз емес. Оқыс оқиға жайлы Әсем Лесбек баяндайды.

Оқыс оқиға таңғы сағат тоғыздар шамасында Жетісу ауданындағы мына үш қабатты тұрғын үйде болған. Таң атысымен жекеменшік пәтердің бірінші қабатынан шыққан дүмпу мұндағы тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Газы жарылған отбасының төрт мүшесі де оқыс жағдай кезінде үйде болыпты. Денелерін қатты күйік шалған 36 мен 23 жастағы екі азамат пен 19 жасар қыздың қазіргі жағдайын дәрігерлер тым ауыр дейді. 

Нұржан  БЕЙҚОҢЫР, АЛМАТЫ №4 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ КҮЙІК БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Бірінші науқас  термиялық күйік денесінің жүз пайызы бірінші екінші үшінші а дәрежелі күйік. Екінші науқас әйел кісі 19 жаста. Денесінің сексен пайызы күйген. Үшінші науқас 23 жаста, ол кісінің жағдайы өте ауыр. Денесінің 22 пайыз көлемі күйген. Қазір үш науқаста жансақтау бөлімінде жатыр.


Жарылыстан зардап шеккен тағы бір баланы ақ халаттылар үйге жіберіпті. Дүмпудің қатты болғанынан үш қабатты тұрғын үйдің терезесі мен қабырғалары сөгілген. Шатыры да ішінен жартылай опырылып тұр. Жалпы мұнда жалға берілетін 16 пәтер бар. Оқыс жағдайдан соң жалға алушы тұрғындардың көбі баспанасынан бас сауғалап кетіп жатыр. Ал тұрғын үй иесі, жеке кәсіпкер Бауыржан Мұстафаев газ жүйесі тексерілгенін айтып отыр. 

Бауыржан МҰСТАФАЕВ, ПӘТЕР ИЕСІ:


Үш қабатты ғимараттың газ жүйесіне ешқандай зақым келмеген. Мен бұған дейін тексеру жұмыстарын жүргізіп тұратынмын. Жарылыс болған пәтердегі тұрғындар үйлерінде бірнеше күн бойы болмай бүгін ғана келген. Кетерінде газды өшірмей кеткен. Келіп жарықты қосқанда жарылған.

Қазір оқыс оқиғаның нақты неден шыққанын анықтау үшін тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

Ә. Лесбек