Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Мырзағали Айтжанов елордада өткен турнирді қорытындылады

AstanaTV
11.04.2024ж. 21:08
295
Мырзағали Айтжанов елордада өткен турнирді қорытындылады

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов спаррингтік турнир жайлы пікірін айтты. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті  хабарлайды.

Спаррингтік жарыс 8-10 сәуір аралығында Астанада өтті. Бұл турнир 63,5 кг салмақта Таиландтағы соңғы лицензиялық жарысқа баратын боксшыны анықтау үшін ұйымдастырылған еді. Бес боксшы қатысқан спаррингте Мұхамедсабыр Базарбайұлы жеңіске жетті.

"Жарыс өте әділ өтті. Кімнің қалай жұдырықтасқанын жанкүйерлер теледидар арқылы көрді. Басшылар арнайы келіп тамашалады. Халықтың да көзі жетті деп ойлаймын. Бес боксшы да жақсы дайындықпен келген. Себебі, Олимпиадаға баруды бәрі армандайды. Әрбір жекпе-жек өте тартысты өтті. Бесеуі де аянып қалған жоқ, бар күшін салды. Енді жеңімпазға келер болсам, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Италиядағы турнирде жолдамасыз қалды. Осы жолы өз мықтылығын ел ішінде тағы дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта кем-кетікпен жұмыс істейміз. Басты мақсат – Олимпиадаға лицензия алу. Ал ұлттық құраманың жоспары ауқымды. Куба және Өзбекстанмен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Мамыр айында Elorda Cup турнирі өтеді. Сол бәсекеде боксшылардың аяқ алысын бағамдаймыз", – деді Айтжанов.