Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астаналықтар сарбаз ботқасынан дәм татты

Астаналықтар сарбаз ботқасынан дәм татты

Астана маңындағы Үркер шағын ауданының тұрғындары әскери оркестрдің өнерін тамашалады. Сондай-ақ олар сарбаздар дайындаған ботқадан дәм татты. Жеңіс күніне орай өткен шараны Нұра ауданының әкімдігі мен Ұлттық ұлан сарбаздары бірлесе ұйымдастырды.

Елорда маңындағы шағын ауданда жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс мерекесі тойланды. Майдан даласында Отан үшін жанын пида еткен жауынгерлердің ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, мәңгі есте сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға халық көп жиналды.

Амангелді БАЙДҮЙСЕНОВ, ҮРКЕР ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жылда осындай мерекеге қатысып, тілегімізді білдіріп, жастарға өсиетімізді айтып. Қазақстанымыз егемендігі берік болсын. Жастарымыз аман болсын. Енді соғыс болмасын. Алла сондай соғыстан аман қылсын.

Жеңістің 79-көктеміне орай өткізілген мерекелік концертте әскери оркестр мен сарбаздардың қарумен көрсеткен өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Шара мерекенің сәнін келтіреді, дейді ұйымдастырушылар.

Жарқын АЙТЖАНОВ, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Жеңіс күнін кең көлемде атап өту біз үшін жылдағы дәстүрге айналды. Осы шара төртінші жыл қатарынан дәл осы алаңда ұйымдастырылуда. Шараға жергілікті тұрғындар мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері шақыртылды. Одан өзге бүгінгі буынға үлгі болатын отставкадағы әскери қызметкерлер де қонақтар тізімінде бар. Олар өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге.

Мерекелік концерттен кейін үркерліктер шатырға қарай аяңдады. Олар сарбаз тағамынан ауыз тиді.

Тимур РАХИМОВ, 5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шараға бір ротаның сарбаздары қатысуда. Біз алаңға екі шатыр тігіп қойдық. Оның бірінде соғыс кезінде жауынгерлердің тамақ қылған сарбаз ботқасы дайындалып жатыр. Осы арқылы біз сұрапыл соғыс кезінде әскерлердің асы қандай болғанын көрсететін боламыз.

Сарбаздардың тағамы әскерде қолданылатын арнайы техникада дайындалды. Ботқа 130 адамға шақталған. Сондай-ақ мұнда халыққа ыстық шай мен кампот та ұсынылды.