Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жеңіс күнінде батырлар рухына тағзым жасалып, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды

10.05.2024ж. 20:00
513
Жеңіс күнінде батырлар рухына тағзым жасалып, ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанды. Бұл сол кездегі халықтың алтыдан бір бөлігі. Тарихшылар дерегінше, 410 мың отандасымыз от арасынан оралған жоқ. Сол зұлматты жылдардың аяқталғанына да биыл 79 жыл. Қазір еліміз бойынша сол қасіретті көзімен көрген 148 ардагер қалды. Сондай-ақ жеңіске жетуге үлес қосқан 50 мыңнан астам тыл ардагерінің көзі тірі. Жеңіс күніне орай бас қалада батырлар рухына тағзым жасалып, құрмет көрсетілді.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Жеңіс күніне орай қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Соғыс жылдары қан майданда қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.

Бейбіт күнді сыйлаған батырларды еске алуға арналған шараға еңбек және күштік құрылымдардың ардагерлері, әскери қызметшілер мен Сенат депутаттары қатысты. Содан соң

Палата Спикері бір топ депутатпен бірге соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңіс күнімен құттықтады. Ақсақал 1923 жылы туған. Соғыс кезінде ол Калинин облысында, Великий Луг қалаларындағы шайқастарға және Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан.

Ал, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақтың тағы бір батыр қызы - Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қойып, батырларды еске алды.

Жеңіс күнін мерекелеу аясында Рейхстагқа ту тіккен Халық қаһарманы - Рақымжан Қошқарбаевқа да құрмет көрсетілді. Премьер-Министр Олжас Бектенов батырдың рухына тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды. Шарада соғыс жылдарында қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт өмірге оралып, бүгінде марқұм болған барша ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алынды.