Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астанада боулингтен мүгедек жандар арасында турнир өтті

AstanaTV
16.03.2016ж. 20:00
1818
Астанада боулингтен мүгедек жандар арасында турнир өтті

Ерекше сайыс! Бүгін Астанада боулингтен мүгедек жандар арасында ұйымдастырылған турнир болып өтті. Оған 5 командаға бөлінген 40-қа жуық адам қатысқан. Ойыншылар қатарында зағип жандар да көп. Шетінен страйкті алып жатқандар да дәл осы кісілер болды. Турнирді «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырған екен.

Дәл осылайша бүгін боулингтен Астанада турнир бастау алды. Бір қызығы, дәлдікті қажет ететін бұл ойынға қатысушылардың арасында зағип жандар да бар. Мәселен, 36 жастағы Марина Шапошникованың қос жанары көрмегенімен, сезу қабілеті өте жоғары екен.

Марина Шапошникова, турнирге қатысушы:

Жаттығу залына, дойбы ойнауға және ағылшын тілін үйренуге жиі барамын. Боулингке де бір-екі рет келгенім бар. Тек турнирге қатысуым бірінші. Әрине, көзім көрмегендіктен, қиналамын кейде. Бірақ бағытын сілтеп жіберсе, бәрін де сезіп, үйреніп аламын.

Турнирге қатысып, әрі мүгедек жандарға қолдау көрсету ниетімен мұнда танымал тұлғалар да келген. Соның бірі - жас актер Дәурен Серғазин. Боулингті жақсы ойнайтын ол білгенін үйретіп жүр. 

Дәурен Серғазин, актер:

Спорт деген денсаулықтың кепілі. Екіншіден, бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы спорт түрі десе де болады. Олардың жан-дүниесін түсіну үшін, оларды мазалайтын мәселелерді көтеру үшін, біз олармен қарым-қатынаста болуымыз керек.

Бір жағы сайыс, енді бір жағынан уақыттарын бірге қызықты өткізуді мақсат тұтқан шараны «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. 5 жылдан бері қызмет ететін ұйымның бүгінде қатары да артқан.

Марат Әбдімомынов, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бүгінгі турнирді Наурыз мейрамы және ел тәуелсіздігінің 25 жыл толу құрметіне арнап өткізіп отырмыз. Ал негізгі мақсатымыз - мүгедек жандарды сауықтыру. Себебі бүгінде елімізде балаларға болмаса, ересек жандарға арналған оңалту орталықтары аз. Олардың қатары көбейсе екен дейміз.

Қоғамдық бірлестік дерегінше, бүгінде Қазақстанда 600 мыңнан астам мүгедек жан бар екен. Егер демеуші қатары көбейсе, бұл кісілер болулингтен басқа да турнирлердің сан түрін өткізуге ниетті.

Құралай ПИОНЕР