Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандының «Сарыарқа» клубы жартылай финалға шықты

AstanaTV
24.03.2016ж. 20:00
1391
Қарағандының «Сарыарқа» клубы жартылай финалға шықты

Плей-офф ойындарында сынға түсіп жатқан Қарағандының «Сарыарқа» командасы жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда Нефтекамск қаласының «Торос» клубымен сынға түскен қазақстандық хоккейшілер 6 кездесу қорытындысы бойынша 4-2 есебімен жеңіске жетті. Қарағанды қаласында өткен шешуші ойында Вадим Епанчинцевтің шәкірттері 3-2 есебімен басым түсті. Ойынның негізгі уақыты 2-2 есебімен тең аяқталды. Ал қосалқы уақытта мергендігімен танылған Яре Лааксонен командасына жеңіс сыйлады. Енді жартылай финалда қарағандылық клуб Ресейдің «Нефтяник» командасымен ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.



Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жолдамасы үшін талас жүргізуде. Бұл сында Польша командасымен сынға түсетін Какаудың шәкірттері бірінші ойында тең есепке қол жеткізді. Щецин қаласында өткен ойындағы алғашқы голды қазақстандық команда сапында Серік Жаманқұлов соқты. Дегенмен, отандастарымыз жеңіс есебін ұстап қала алмады. Кездесудің соңғы минутында сәтті шабуыл ұйымдастырған алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Екі құрама арасындағы қарымта ойында 12-ші сәуір күні Алматы қаласында өтеді. Футзалдан әлем чемпионаты 10-шы қыркүйек пен 2-ші қазан аралығында Колумбияда өтеді.



Велоспорттан Каталония туры жалғасуда. Жирона және Ла Молина қалаларының арасында өткен 3-ші кезеңде Ирландия спортшысы Даниэль Мартин жеңіске жетті. 172 шақырымнан тұратын жарыс жолын «Квик Степ» командасының өкілі 5 сағатта бағындырды. Жеңімпаздан 2 секундқа қалып қойған Альберто Контадор екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны франциялық Ромен Барде еншіледі. «Астана» командасының капитаны Фабио Ару мәре сызығын 23-ші болып кесіп, жалпы есепте 21-ші орынға көтерілді. Бүгін командалар таулы аймақта бәсекеге түседі.

Самат ҚАНАҒАТОВ