Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астананың 20 жылдығына дайындық. Өрт қауіпсіздігі, лифтілер, автотұрақтар, бейнебақылау... Сұрақ аз емес.

AstanaTV
07.04.2018ж. 20:00
2207
Астананың 20 жылдығына дайындық. Өрт қауіпсіздігі, лифтілер, автотұрақтар, бейнебақылау... Сұрақ аз емес.

«Астананың дамуы елдің дамуы» деп дабырайтпасақ та, Астананың «локомотив» болуы міндет. Бірақ ол тартатын «пойыздың» өзі де ескі-құсқы, сыртын жылтыратып жуып қойған «бірдеңе» болмауы тиіс... «Әр қаланың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы болуы керек», деген жиында Астананың дамуы туралы кеңесті айтам, енді бір 30 жылда Астана халқы 2 млн, Алматы жұрты 2,5 млн, Шымкент тұрғындары 1,5 млнға жетуі керектігі тапсырылды. Әзірге... 

Кемеровода сауда орталығы өртеніп, адамдар ажал құшқан жантүршігерлік оқиғаға орай айтқаны:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аузы күймесе, бізде ештеңеде жасалмайды. Қанша бала қайтыс болғанын көрдіңіздер, сұмдық. Қазір барлық кәсіпкерлер, бәрі жақсы дейді, өздерінше. Неге балалар ойнайтын жер жоғарыда орналасқан? Сауда алаңдарын сонда шығару керек. Балалар алаңы төменде болсын, үлкен жобаларға осындай тапсырма қою керек.

Көлік тұрағы. «Қаланы, жаңа қаланы жер жетпейтіндей етіп салған». Астанада машина қоятын орын таппай, мүмкін біреу шығып қалар деп, бір кварталды он айналып жүретін адамдар айтатын сөз. Қалалық әкімдіктің автотұрағындағы слайдты көрсеткен Президент әкімге «көз алдыңдағы жағдайды көрмейсің» деп шүйлікті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қара сенің көз алдыңда осындай жағдай!

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл бір үлкен жиналыс жүріп жатқан кезде түсірілсе керек. Негізі бізде болады мұндай жағдай. Биыл Әкімдік алдында жер астында 2 мың көлік тұратын автотұрақ құрылысын бастаймыз.

ЭКСПО алаңында салынған ғимараттарды толық пайдалану керектігін де айтты. Бізде «тарсылдатып сала беру» үрдісі бар...

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конгресс холлдан өзге онда тағы бір театр бар, сен білесің бе? Концерт залы. Ахметжан сала берген тарсылдатып, барған сайын жаңа бірдеңе көресің.

Лифтілер. Мысалы, Астанада 4 рет үзілді. Сондай сәттерде лифтінің ішінде тұрған адамдардың орнына өзіңді қоюдан «тұншығасың». Қалай айтпай кетесің,  Ақтөбеде осы аптада Айзат Әбдісамат есімді тележурналист келіншек мерт болды. Ол лифтке 3 жастағы қызымен кірген. Дәрігерлердің айтуынша, Айзат кірер кезде лифт есігі тарс жабылып, бірден жүріп кеткен. Сол кезде аяғы жұлынып кеткен...

Лифтілердің қауіпті жерлердің біріне айналғаны шын. Астанадағы лифт жөндейтін 50 компанияның тек 10-ы талапқа сай көрінеді. Адамдар еш алаңсыз жүретіндей ет! – Президенттің лифтілерге байланысты тапсырмасы. «Сергек» камераларына келсек, қит етсе «смарт-қала» дейтін Исекешев қалада орналасқан 200 камераның көбі істемейтінін білмейтін болып шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

200 камераның тек 29-ы істейді. Қаншама айттыңдар, бірақ жағдай осы міне. ЖКО азайған көрсеткіш бар, бірақ біз істеген екенбіз, 200-і де істейтіндей етуіміз керек.

Өрт қауіпсіздігінен бастап ақауы көп лифтілерге дейін, автотұрақтан бастап бейнебақылау камераларына дейін сөз болатын жиналыс/жиналыстар атқарушы биліктің іскерлік қабілетінен хабар береді. Басқарушылық қабілетінен. Орындата алу қабілетінен. Және ең бастысы «осы ел болсын, осы жер көктесін» дейтін пайымы бар ма, жоқ па, содан да... Екінші жағынан, адамдардың санасы мен мәдениетінен де хабар береді. Мысалы, биыл қоқыс өңдейтін зауыт салына бастайды, келесі жылы аяқтау жоспарлары бар. Бүкіл қалдықтың жартысын өңдемек. «Ылғалды» және «құрғақ» деп бөлу керек болады. Сол кезде біз тұрмыстық қалдық заттарды сорттап тастаймыз ба? Оған мойнымыз жар бере ме? 

Астананың қолайлы, ыңғайлы, сүйкімді, таза болуы бірінші кезекте өзіміз үшін керек. 20 жылдық деген ол... Жыпырлаған проблемалардың кешенді шешіле бастағанын жұрт сезуі керек. Әйтпесе ... «тарсылдатып» сала бергеннен пайда жоқ екені осы жиналыста та айтылды.