Негізгі / Жаңалықтар / Жылу ақысын төлемеген тұрғындар енді сотталуы мүмкін

Жылу ақысын төлемеген тұрғындар енді сотталуы мүмкін

Ал жылуға қарызы қордаланған оралдықтарға енді қатаң шара қолданылмақ. Бұған дейін борышкерлер үш тәулікке қамалса, енді үш жылға дейін сотталуы мүмкін. Дегенмен қарызын төлемеген тұрғындар айылын жияр емес. Олар қарызды өндіруші топқа есік ашпайтын болған. Ал мұның зияны жылу орталығына тимек. Өйткені кәсіпорынның көгілдір отын үшін берешегі 400 миллион теңгеге жақындапты.

Еркін Карин, тілші:

Сот орындаушысы, участкелік полиция инспекторы мен жылу кәсіпорнының заңгерінен жасақталған 4 мобильдік топ Оралдағы көпқабатты тұрғын үйлерді өзара бөліп алған. Бірақ айласын асырған тұрғындар оларға да есік ашпайды. Күн сайын үйлерді аралап шығатын топ қатарына бүгін «Жайықжылуқуат» мекемесінің басшысы ере барыпты.

Жасұлан Дәулетияров, «Жайықжылуқуат» АҚ заңгері:

Мына пәтер иесінің 235 мың теңге қарызы бар. Бірақ келген сайын есік ашпайды. Әлде кішкентай баласын жібереді, әлде өздері бала болып сөйлеседі. Борышы көп азаматтардың істейтіні осы. Осылай оңай құтылам деп ойлайтын сияқты.

Бүгінге дейін жылуға қарызын төлемеген үш адам үш тәулікке қамалыпты. Бұдан нәтиже шықпаса, борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Басқа амал жоқ, деді жылуға жауаптылар.

Мұрат Бәйменов, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры:

Тәртіптік жаза қолданып, оларды үш тәулікке қамауға алдық соттың шешімімен. Егер ол шарадан нәтиже болмаса, Қылмыстық Кодекстің 430-бабы бойынша үш жылға дейін бостандығынан айыруға болады деген шараны қолдануға тура келеді.

Тұрғындардың жылуға берешегі қазір жарты миллиард теңгеге жуықтайды. Қарызды қайтару үшін сотқа 1 290 талап-арыз жөнелтілген.

Күні бүгін 873 жылжымайтын мүлік пен 91 автокөлікке тыйым (арест) салынған. Ал 418 азаматтың жалақысынан жылу ақысы үшін 22 миллион теңге ұсталады. 304 борышкер шетелге шыға алмайды. Бұған қоса 4 азаматтың банктегі 2 миллион теңгеден асатын есеп-шоты тұтқындалған.

Жандос Саматов, БҚО жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының төрағасы:

Ең бірінші қиындық - мына борышкерлер қазіргі таңда сот орындаушылары құқық қорғау органдарымен бірге барған жағдайдың өзінде де есікті ашпайды. Ондай кезде жеке сот орындаушыларымен арнайы қаулы шығарылып, оларды мәжбүрлі түрде жеке сот орындаушыларына алып келу жөнінде құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Еркін Карин, тілші:

Мекеме өкілдері борышкерлердің кесірі жылу ақысын уақытылы төлеп отырған тұрғындарға тиетінін айтады. Бірақ амал жоқ дейді. Айта кетелік, жыл басынан бері оралдықтар екі рет ыстық судан қағылған болатын. Оған жылу қазандығының көгілдір отыннан ажыратылуы себеп болған еді. Өйткені жылуға жауаптылар газға берешігін өтей алмай отыр. 

Еркін КАРИН