Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қызылжар өңірінде саңырауқұлақ жеген отбасы ажал құшты

AstanaTV
10.10.2016ж. 20:00
2967
Қызылжар өңірінде саңырауқұлақ жеген отбасы ажал құшты

Қызылжар өңірінде саңырауқұлақ жеген бүтін бір отбасы уланып, ажал құшты. Қызылжар аудандағы Соколов ауылының тұрғындары Олеся, Ксения, Татьяна мен олардың анасы Вероника Пономаренко қазанның екісі күні аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер оларды ажалдан неге арашалай алмады? Абзал Құрманкин қайғылы оқиғаның мән-жайын білді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Күндіз саңырауқұлақты қуырып жеген Вероника Пономаренко мен оның қыздары бірден төсек тартып қалады. Бірақ тек келесі күні ғана дəрігерлердің көмегіне жүгініпті. Ақ халаттылар дереу қыздардың анасын Петропавл қалалық 3-ші ауруханасына, ал бес, сегіз және он екі жастағы жеткіншектерді облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызған.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың жағдайлары ауыр болған. Саңырауқұлақтың уы әуелі бауырдың, кейін бүйрек пен өкпенің жұмысын тоқтатқан. Астанадан бас токсиколог-дәрігер де шақыртылған. Бірақ оларды ажалдан арашалау мүмкін болмапты. Қазанның бесі күні 5 жастағы Олеся мен анасы қаза болса, кеше-бүгін екі қызы да жан тапсырыпты.

Олег Завьялов, Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

Біз оларға түрлі дәрі беріп, қанын алмастырып отырдық. Қолымыздан келгеннің барлығын істедік. Бірақ саңырауқұлақ улы тағамдардың ішіндегі ең мықтысы болғаннан кейін, қыздарды құтқаруға мүмкіндік болмады. 5 жасар Олеся қазанның бесі күні, 8 жасар Олеся тоғызы, ал Татьяна бүгін таңғы сағат 8-де қайтыс болды.

Күйеуімен ажырасқан Вероника Пономаренко қыздарымен бірге Қызылжар ауданындағы Соколов ауылына былтырғы жылдың қараша айында көшіп келіпті. Көршілердің айтуынша, жалғыз басты ана күндіз жұмыста жүрсе де, бақшада көкөніс өсіріп, қыздарын аш қалдырмауға тырысқан. Ара-тұра жақын маңайда орналасқан орманға жеміс-жидек, не саңырауқұлақ теруге барған.

Эрика Карамышева, Соколовка аулының тұрғыны:

Вероника, бақшамда шампиньондар өсіп жатыр, деді. Оларды жеуге болады. Бөтен кісілер оның шелекпен орманға кеткенін көрген. Содан саңырауқұлақтың басқа түрін жинап алып келді ме, белгісіз. Бірақ ауыл жұртының барлығы саңырауқұлақтың жеуге жарамдысын улысынан ажырата алады.

Қазір елді мекен жұрты жаназаға қаражат жинап жатыр. Айта кету керек, қазанның бесі күні жан тапсырған Олеся Пономаренко Петропавл маңайындағы Новопавловка зиратында жерленген. Қыздары да сонда қойылмақ.

Әскер Сейітов, Соколовка селолық округінің әкімі:

Ертең экспертиза дайын болса, моргтан үйге апармай, моргтан сол кладбищеге апарып, сонда қоямыз.

Ал саңырауқұлақтарды ұзақ жылдар бойы жинап жүрген тәжірибелі маман Юрий Тарасенко Пономаренколар саңырауқұлақтың «томарқұлақ» деген түрін тұтынуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Халық көп тұтынатын бұл өсімдік типінің улысы да жиі кездеседі екен.

Юрий Тарасенко, Петропавл қаласының тұрғыны:

Қазір тек томарқұлақтар ғана өсіп жатыр. Басқалары салқын түскенде шықпайды. Бірақ томарқұлақтың өзінің екі түрі бар. Егер де қалпақтың астында сақина болмаса, онда оны жеуге болмайды. Ал басқа айырмашылығы жоқ.

Абзал Құрманкин, тілші:

Алайда, марқұм отбасының нақты қай саңырауқұлақтан ажал құшқаны әзірге белгісіз. Медицина қызметкерлері қазір арнайы сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр.

А.ҚҰРМАНКИН