Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Биыл Астана мен Алматыда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылады

AstanaTV
17.04.2017ж. 20:00
4778
Биыл Астана мен Алматыда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылады

Биыл Астана мен Алматыда ұлы композитор, мемлекеттік әнұран авторларының бірі Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылады. Бұл туралы елодада өткен Шәмші әндерінің кешінде композитор Қалдыбек Құманәлі айтты. Толығырақ Айбек Қосанның бейнематериалында.

Елордада өткен ән кешіне дайындық 2 ай бұрын басталған. Осымен бас қалада 17-ші рет өткен концерттің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Бұл жолы да бұрын-соңды еш жерде шырқалмаған, жаңадан табылған әндері Астанада әуеледі.

Қалдыбек Құманәлі, композитор:

Биылғы жылы Шәкеңнің еш жерде айтылмаған бірінші рет әні орындалайын деп отыр. «Студенттік жастық шағымыз» деген әні. Арайлым Рақымқызының орындауында бірінші рет орындалайын деп отыр. Шәкеңнің өмірден озғанына 25 жыл болса да, біз әр кеш сайын орындалмаған 2 әнін қосып отырамыз. Биыл осы, сәтін салса, Астана қаласында Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш қойылғалы отыр. Сондай-ақ, Алматы қаласында Республика сарайының жанындағы үлкен саябаққа Шәкеңнің ескерткіші қойылатын күн алыс емес.

Концертке шақырылған әншілердің қатарында Майра Нұркенова да бар. Шығармашылық жолында үнемі «Ән-ағаның» туындыларын тастамай насихаттап жүретін өнерпаз, жыл өткен сайын композиторға халықтың сағынышы мен сүйіспеншілігі артып келе жатқанын айтады.

Майра Нұркенова, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Менің репертуарымда Шәмші ағаның әндері ерекше орын алады. Әрқашан, қайда жүрсем де, осы әндерді орындап жүремін. Бұл әндер дегенің - өлмейтін әндер ғой. Сондықтан, мен ойлаймын, біздің халық Шәмші ағаның әндерін сағынады. 

Жылдағы орындалатын туындылар көпшілік қауымға етене таныс болғанымен, Шәмші әндерінің кеші өтеді дегенде, кассалардан билет табу қиын. Әр туындысы - бір тарих,-деп бағалайтын тыңдарман бұл кешке тегіс жиналған.

Рауза Сыздықова, зейнеткер:

Мен осы Шәмші әндерін жақсы көремін. Сондай сүйкімді әндері, күшті. Өзімде видиктер бар. Соны қарап, демалыс уақытында тыңдап отырамын. Концерттен қалмаймын. Шәмші әндерінің кеші болады десе, балалар айтып, 1 жұма бұрын алдырып қойдым билетті, арнайы барайын деп. 

Бір күнде екі мәрте халыққа ұсынылған ән кеші көрерменін ерекше қуанышқа бөледі. Елордада өткен концерттің толық нұсқасын алдағы уақытта «Астана» арнасынан тамашалай аласыздар.

Айбек ҚОСАН