Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Бүгін Кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толды

Бүгін Кеңес-ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толды

Бүгін Кеңес-ауған соғысының аяқталған күні. Осыдан тура отыз жыл бұрын 15 ақпанда Кеңес бітімгерлік күштерінің соңғы сарбазы ауған жерін тастап шықты. Алайда, көптеген сарапшылар мұнымен соғыстың аяқталмағанын айтады. Себебі, ол жерде жүздеген сарбаз тұтқында қалды. Талай ана, қаншама отбасы баласын күтіп әлі күнге дейін алаңдаумен күн кешіп отыр. Тек Қазақстанның өзінен әлі күнге 19 адамнан не хабар, не қара қағаз келмеген. Тақырыпты Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.  

Қазір жер-жерде ауған соғысының ардагерлерін жаппай кездесулерге шақырып, олардың ерлігі жастарға үлгі ретінде көрсетіліп жатыр. Алматы маңындағы Қайнар ауылына да бүгін бірнеше интернационалист жауынгер мейман болып келді. Олар өмірлік естеліктерін айтып, майдан даласынан оралмаған қаруластарының азапты сәттерін әңгімеледі.  

Әли НАРИМАНҰЛЫ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 

Өкіншке орай, біздің ардагерлер мезгілсіз кетіп жатыр. Осы жылдар біздің көптеген жақын достарымыз қайтыс болды. Олар жастайынан соғысқа қатысып, денсаулықтарынан айырылды.

Осыдан 38 жыл бұрын Алматыға жеткізілген кезекті мырыш табыт Бочкиндер отбасына ауыр тиді. Әскерилер отбасындағы жалғыз ұл Бористің мүрдесін ата-анасына көрсетпей жер қойнына береді. Бірақ, анасы сұңғақ бойлы ұлының тұрқы қысқа мәйіт салғышқа қалай сыйған деп өлгеніне сенбейді. Бірақ, сегіз жыл өткенде күдік шындыққа айналады. Туыстары эксгумация жасатқанда, жерленген басқа адамның мәйіті болып шығыпты.   

Алтай САРМОЛДАЕВ, АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ: 

Оқиғадан бері 38 жыл өтті. Әскердің шыққанына 30 жыл болды. Бұл тоқсаныншы жылдары эксгумация жасалған жағдай. Бірақ, сол тұтқындар ислам дінін қабылдаған, аты-жөндері өзгерген.

Тұтқынға түскен Борис Бочкин де Ислам дінін қабылдап, Пәкістанда өмір сүрген. Оны тоқсаныншы жылдары америкалық журналистер фотоға түсіріп, басылымда жариялағанмен, Кеңес үкіметі іздеуге қарсы болады. Анасы жалғыз баласын 40 жылға жуық күтіп, екі жыл бұрын көз жұмған.  

Зерттеушінің айтуынша, Кеңес-Ауған соғысы кезінде 500-ден астам сарбаз бен офицер тұтқынға түскен. Оның 100-ге жуығы туралы деректер табылыпты. Ал, қазақ даласынан жоғалғандар саны 21 адам болатын. Соңғы жылдары оның 2-і туралы ақпараттар анықталып, мүрделері елге жеткізілді. Әлі 19-ы із-түссіз кеткендер саннатында.  

Бүгін Алматыда ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіш маңына мыңдаған адам жиналды. Олар осы қанқұйлы соғыс құрбандарын еске алды. Айта кетейік, ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам барған. Қазір олардың 15 мыңы ел ішінде өмір сүріп жатыр.  

Р. Асқарбекұлы