Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Елорда маңынан заңсыз төгілген 431 қоқыс үйіндісі анықталды

AstanaTV
21.10.2019ж. 20:00
2430
Елорда маңынан заңсыз төгілген 431 қоқыс үйіндісі анықталды

Нұр-Сұлтанның 431 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Бұл туралы экология мамандары арнайы жүргізілген рейд кезінде мәлімдеді. Заңсыз төгілген қоқыс үйінділерінің артуына не себеп? Олармен күрес қалай жүріп жатыр? Тілшіміз сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:


Елорда маңында заңсыз шығарылған қоқыс үйінділері азаймай тұр. Қолқаны қапқан қоқысты көбіне құрылыс компаниялары тасымалдайтын көрінеді. Мамандар мұның басты себебі, оларға салынатын айыппұл көлемінің аздығынан деп отыр.


Бұл Нұра-Ешім каналы маңындағы қоқыс үйіндісі. Бас қаланың іргесінде дәл осындай үйінділер айтарлықтай көп. Экология мамандары мұңдай заңсыздыққа көбіне құрылыс компаниялары жол береді деді.

Ермахан ҚОЗЫБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қоқыс үйінділерінің көбеюі табиғат пайдаланушыларының жауапкершілігінің аздығынан. Біздің департаментпен қала бойынша 300 заңсыз нүкте расталды. Олардың ішінде 68 учаскіде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қалған үйінділер бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.


«Грин Патруль» қоғамдық қозғалысы табиғатты қорғау мақсатында құрылған. Олар бір жыл ішінде 100-ге жуық қоқыс төгілген жасырын жерді анықтапты. Ұйым мүшелері экологияны таза ұстау бойынша ұсыныстарын әкімдікке жолдаған.

Меруерт ЖАЛЫНБЕК, «GREEN PATROL» ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Экологиялық проблемаларды анықтаудамыз. Біздің ұйым әзірге тек ғана бас қалада ғана жұмыс істейді.

Ал, әкімдік заңсыздықтардың алдын алу қиынға соғатынын айтады. Себебі, құқықбұзушылар өз ойларын түңгі уақытта іске асыратын көрінеді.

Жарқын АЙТЖАНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ АБАТТАНДЫРУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ:

Жергілікті полиция департаментімен жиі рейдке шығамыз. Бірақ, күні-түні оларды аңдып отыра алмаймыз. Өздеріңіз білетіндей полигон бір тонна қоқысқа 3,5 мың теңге алады. Сондықтан қандай топтағы азамат болса да қаражатын үнемдегісі келеді. Ал, құрылыс қалдықтарын өңдеуге әзірге қауқарсызбыз.

Қоқыс қалдықтарын заңсыз төгетіндерге салынатын айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткіштен басталады. Экологтар бұл сома ірі кәсіпорын былай тұрсын, жеке тұлғаның да қалтасын қақпайды,-дейді. Қазір экологиялық кодекстің жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Құжатта қоқыс тастайтындарға жазаны қатаңдату мәселесі де қарастырылмақ.

Ғ. Өтемісов