Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Маңғыстау облысына 11 млрд теңгенің инвестициясы тартылады

AstanaTV
29.05.2020ж. 20:00
1991
Маңғыстау облысына 11 млрд теңгенің инвестициясы тартылады

Маңғыстау облысы биыл ірі жеті жобаны іске асырудың арқасында 11 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуды көздеп отыр. Қаражат агроөнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы мен логистика саласына құйылмақ. Аймақ басшысы Серікбай Трұмов облыстық мәслихаттың сессиясында өңір экономикасын ілгері жылжыту бағытындағы жоспарымен бөлісті.

"Мұнай өңдеу саласына басымдық бермей, өзге де бағыттарды жетілдіру керек". Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жылдың соңына дейін іске асатын төрт ірі стратегиясын жариялады. Жергілікті билік әуелі қайта өңдеу өнеркәсібін тіктемек. Жоспарға сәйкес бірнеше айдан кейін аймақта алғашқы құс фабрикасы ашылмақ. Кәсіпорынның жылдық қуаты 5 мың тонна болады деп жоспарланып отыр. Демек, облыс ішкі сұраныстың тең жартысын өзі қамтымақ.

Серікбай ТРҰМОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
 
Биылдың өзінде біз жеті жоспарды алдымызға қойып отырмыз. Бұл өңірдің экономикасына үлкен серпіліс береді деп айту қиын. Дегенмен өңдеу саласына біраз назар бөлу керек. Оның ішінде ауданда салынып жатқан құс фабрикасы. Сосын жел шығару өнеркәсібі. Осыларды біз жыл соңына дейін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Туризмнің арқасында әлемнің бірқатар елдері экономикасын өрге домалатып отыр. Енді Маңғыстау облысы да бұл салаға мейілінше бет бұрмақ. Биыл жалпы құны 64 миллиард теңгені құрайтын 3 туристтік жоба жүзеге асырылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Туризмді дамыту үшін әуелі көлік логистика саласын күшейту қажет. Жергілікті билік Ақтау портына контейнерлік қойма салмақ. Тың жобаның арқасында ірі жүктер теңізге дейін тез тасымалданып, порт жұмысын жандандырады.

Әлихан ҚЫРАУБАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде теңіз порты мен ірі әуежай бар. Аймақта жақсы көлік жолдары төселген. Енді бар мүмкіндігімізді пайдалану керек. Яғни, жүк көліктері мен жолаушылар тасымалын күшейтіп, логистиканы қарқынды дамыту қажет.

Шығынды оңтайландыру жүйесін де тілге тиек еткен жөн. Мәдени шаралар, шенеуніктердің сапарлары және тағы басқа шығындарды қысқартудың арқасында облыс 8,5 миллиард теңгені үнемдеп қалды. Бұл қаражат азық-түлік және эпидемиологиялық жұмыстарға бағытталды.

А. Құрманкин, С. Сұлтангереева