Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Берекесі қашқан - "Береке" шағынауданы

Берекесі қашқан - "Береке" шағынауданы

Атырауда жыл басында ғана берілген жаңа тұрғын үй кешенінен шу шықты. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша тапсырылған үйлердің инфроқұрылымынан ақау пайда болды. Қыс бойы жылусыз отырғаны өз алды. Ыстық су құбыры жарылған, көгілдір отын тартылмаған. Берекесі қашқан "Береке" ықшам ауданы туралы Базаргүл Нәдірқызы.
.
Жарты жыл бұрын ғана тапсырылған үйлерде күрмеуі күрделі мәселе көп. Қыста мардымды жылу берілмеді. Көгілдір отын әлі күнге тартылмаған. Электр қуатынан да қайыр жоқ.

Айжан ТЕГІСБАЕВА, ТҰРҒЫН:
 
Розетка микровольновка жандырды. Миксерді жандырды.  Включательді разеткаға жалғап кеткен тоғын. Воовще свет жоқ мына үйде. Квитанция төлейін десем басқа біреудің фамилиясы... Соқсам, «бұрын алғысы келген ғой бұл үйді»,- дейді.  Сонда бұл кімнің үйі кімнің ақшасын төлеймін сонда.

Азамат ИЩАНОВ, ТҰРҒЫН:
 
Подвал толып кеткенін өзіңіз көріп тұрсыз. Тоққа тиіп тұр. КСК менің міндетім емес,- дейді.Застройщик «менікі емес»,- дейді. Ең соңына келгенде қарапайым халыққа тиіп тұр. Кім жауапты, кім жауапты емес ешкім білмейді.

Бұл үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған. Бюджеттік мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік әлсіз топтарға арналған арендалық үйде келеңсіздіктер тапсырылған күні басталған.

Дина ТЕМІРОВА, ТҰРҒЫН:
 
Кілтті алып келгенде осындай жарық тұрды. Біз ойладық осадка деп. Әлі күнге дейін сол сызық күйінде тұр. Қазір су кетті ертең астындағы свайларын не болатынын кім біледі.


Үйдегі келеңсіздіктерді жергілікті атқару органдары жақсы біледі. Бұл ақауларды мердігер компания екі жыл ішінде жөндеп беруі тиіс, деп отыр.

Рафхат ЖОЛДИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Егер де келіспеген жағдайда үйдің сапасымен ол кісілерге үйге берген мезгілде де айтылды. Екі жыл саған мердігер мекеменің кепіл  мерзімі бар. Кез келген үйде ақау болса, сол мекеме хабарласып жасатып алуға болады. Біреудің атына келіп жатыр дегенді нақты анықтайық.


Қаңтар айындағы салтанатқа Рафхат Жолдиевтің өзі де қатысқан. Кілтті қолына алған халық та қоныс тойын тойлап мәз мейрам еді. Ақыры, жаңа үйдің "сырты бүтін - іші түтін", болып шыға келді.

Рүстем РАМАЗАНҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 
Біз бәрін жақсы, сапалы тапсырып кеттік. Әр сенбіде электриктеріміз бар, сантехникарымыз бар. Үйге жауапты кісілердің бәрі әр сенбі барады  заявка бойынша. Бірақ бүгінге дейін заявка жоқ . ешқандай заявка түскен жоқ.  бір-екі ай бұрын болды, оларды жөндедік.

Қағаз бетінде "тапсырылды" деп көрсетілген тұрғын үйлерде проблема аз емес. Ықшам аудан қаладан онлайн да, оффлайн да ажырап жатыр. Ғаламтор сымы тартылмаған. Қоғамдық көлік жалғанбаған. Қажетті құжаттар да тұрғындар қолына толыққанды тимей отыр.

Б. Нәдірқызы