Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтау қаласының тұрғыны шаһарды кұл-қоқыстан тазартты

Ақтау қаласының тұрғыны шаһарды кұл-қоқыстан тазартты

Тазалық - саулық негізі, саулық - байлық негізі. Бұл көне мақал дәл осы XXІ ғасырды өзінің маңыздылығын танытуда. Ақтауда көшені тазарту азаматтық парызым, деп есептеген келіншек осы күнде бизнес ледиге айналған. Салтанат Бралина деген келіншек 3 жыл бұрын EcoWasteAktau кәсіпорынын құрып бүгінгі күнге дейін 7 млн келі қоқыс өңдепті.

Салтанат туған қаласына АҚШ-тан үш жыл бұрын оралған. Келе сала ол қаланы пластик пен қағаздан тазартуға кірісіпті. Игі іске қызында баулыған. Кейін, Салтанаттың шағын жұмысы ірі кәсіпорынға айналды. Оны ақтаулықтар қазір "Картон мен пластик ханшайымы" деп атап жүр.

Салтанат БРАЛИНА, «EcoWasteAktau» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Басында қызымды үйреткенде осы саладағы инфрақұрылым нашарлығын байқадым. Қоқысты сұрыптау да дұрыс жолға қойылмаған. Қалдықтарды бөліп салатын жәшіктер мүлдем болмады.

Кәсіпкер келіншек, әуелі Ақтау маңындағы қоқыс полигондарын әбден зерттеп шығыпты. Бұл сала тиісті деңгейде дамымағанына көз жеткен Салтанат кейіннен несие алып өндіріс орнын ашыпты.  «EcoWasteAktau» компаниясында осы күнде 20 адам жұмыс істеп жүр.

Жансулу ЕЛАНОВА, ШИКІЗАТ ҚАБЫЛДАУШЫ МАМАН:

Картон, пластик, қағаз, тұрмыстық техниканы қабылдаймыз. Қалада 5 бекетіміз бар. Шикізатты алдымен қабылдап кейін оны сұрыптауға жібереміз.

Тажігүл ҚАЙТБАЕВА, КӘСІПКЕР:

Көлік базарында бір бутигім бар. Қосалқы бөлшектен қалған қораптарды осында алып келіп тапсырамын. Өте ыңғайлы. Күніне 200-300 теңге түседі. Ақшасы көп емес әрине. Бірақ, шашылып жатқаннан қарағанда оны кәдеге жаратқан абзал.


«EcoWasteAktau» осы күнде шаһардағы барлық кәсіпорынмен байланыс орнатқан. Өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды жергілікті кәсіпкерлер осында өткізіп жүр. Ал, сұрыпталған қоқыс Алматыға жөнелтіледі. Салтанат жалғыз Алматымен емес елдегі көптеген ірі компаниялармен әріптестік қатынас орнатқан.

Салтанат БРАЛИНА, «EcoWasteAktau» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Үш жыл бұрын халық біздің жұмысымызға ат үсті қарайтын. Кейін көзқарастары өзгерді. Сұрыпталмаған қоқыс экологиялық апатқа әкеліп соғатынын ел түсінді.

«EcoWasteAktau» компаниясы экологияға көп көңіл бөледі. Бұл тақырыпта арнайы сабақтар мен түрлі акциялар ұйымдастырып тұрады. Салтанаттың айтуынша, компания әлі табысқа кенеліп отырған жоқ. Әзірге тек өз шығынын жауып отыр. "Басты мақсат нәпәқа емес, қала тазылығы" дейді кәсіпкер келіншек.

А.Құрманкин