Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Көпбалалы аналар дәрумендер мен балық майын әлеуметтік пакетке қосуды ұсынды

Көпбалалы аналар дәрумендер мен балық майын әлеуметтік пакетке қосуды ұсынды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Айжани Нұрланова Маңғыстау облысына барып, бірқатар кездесулер өткізді. Ол мемлекеттік көмек алатын азаматтарды тындап, өңірдегі «Бизнес үш күнде» бағдарламасының нәтижелерімен танысты. Тақырыпты толығырақ тілшіміз жалғастырсын.

Сапардың басты мақсаты - "Жұмыспен қамтудың жол картасы " және "Еңбек" бағдарламаларының қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеру. Айжани Нұрланова облыстағы көпбалалы аналар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және жұмыссыздармен кездесті. Министрдің кеңесшісі қазір азаматтар үшін мемлекеттік қолдауда аймақтың жергілікті ерекшеліктері ескерілетінін жеткізді.

Айжани НҰРЛАНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:


Біз шенеуніктер есеп бергендей, іс жүзінде бәрі жақсы екенін білу үшін аймақтарға барамыз. Мысалы, маңғыстаулықтардың тілектерінің бірі – әлеуметтік қорға витаминдер мен балық майын қосу. Бұл үшін қазір барлық мүмкіндіктер бар. Министрліктің порталы цифрлық режимде жұмыс істейді, сондықтан интернет-дүкен ретінде қажетті өнімдерді өзіңіз таңдай аласыз.

Жыл басынан бері Ақтаудағы халықты жұмыспен қамту орталығында 50 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Әрбір бесінші адам жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өтініш білдіріпті. Ал жыл соңына қарай орталық жаңа ғимаратқа көшпек. Орталық басшысы енді мемлекеттік қызметтің 18 түрін көрсетуге мүмкіндік туғанын айтты. Бір айта кетерлігі, жаңа кеңсе арбаға таңылғандар мен нашар көретіндер үшін өте ыңғайлы болмақ.

Гүлнәр ХАЙРЛИЕВА, АҚТАУ қ. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Трансформациялау, жұмыспен қамту орталығын брендтеу аясында, яғни бізде "Жұмыспен қамту орталығының" бірыңғай логотипі болады. Респешн, опенспейс офисі де қарастырылған. Сонымен қатар жаңа кеңседе кабинетсіз жүйені де іске қосамыз.

Қазір әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін педагогтар мен дәрігерлер деңгейіне дейін көтеру талқылануда. Бұл туралы кеңесші жұмыспен қамту бөлімінің мамандарымен кездесуде айтты. Сондай-ақ ол Жаңаөзенде іске қосылған "Бизнес үш күнде" жобасының қорытындыларымен танысты. Жобаға көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасылар қатысты. Өңірде бұл бағытта 100-ден астам жоба жүзеге асырылған.

Айжани НҰРЛАНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:
 
Шынымды айтсам, мен қатты таңқалдым. Осы уақыт ішінде қатысушылар шағын цехтар ашып үлгеріпті. Жобаның мәні үйде бизнес жасау болды. Міне, мен жеке ғимараттардың дамып жатқанын көрдім. Менің ойымша бұл бірегей жоба.


Мүгедек бала асырап отқан ата-аналар жақында ашылған aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы туралы оң пікір білдірді. Сатып алудың жаңа ережелеріне сәйкес олар барлық қажетті жабдықтарды өздері таңдауға құқылы. Кездесу қатысушылары мемлекеттік қызметтерді алудың барынша қолжетімді бола түскенін атап өтті.

Ғ. Өтемісов