Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Аурухана ұжымы жұмыстан қуылған бас дәрігерді қайтаруды талап етті

Аурухана ұжымы жұмыстан қуылған бас дәрігерді қайтаруды талап етті

Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлют ауданы ауруханасына жаңадан келген бас дәрігерге  қарамағындағылардың көңілі толмайды. Ақ халаттылар жаңа басшы жұмыстан шығарам деп қыспаққа алып жатқанын айтып шағымданды. Енді олар жұмыстан қуылған бұрыңғы бас дәрігерді қайтарсын деп талап қойды.  

Мамлют аудандық орталық ауруханасында пандемия басталғалы 16 дәрігер коронавирусқа шалдыққан. Бұл - арнайы мамандардың назарына ілігіп, мекемеге тексеріс жүрді. Індетке қарсы шаралар дұрыс жүрмеді деген желеумен аурухананың бас дәрігері қызметтен босатылды. Бұл шешім көптің көңілінен шықпаған сыңайлы. Олар өз талаптарын таспаға түсіріп, әлеуметтік желіде таратты.   

Амангелді БЕКТАСОВ, МАМЛЮТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Қазіргі бас дәрігердің қызметін уақытша орындап жатқан адамды түсінбеймін. Бізге негізсіз айқайлайды, жұмыстан қуамын деп қорқытады. Ұжымға ондай басшы керек емес. Біз Марина Коробковамен 1994 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Ол өз ісін жақсы біледі. Ұжымды әрдайым қолдап отырады. Басшылық тарапы мұндай білікті маманға әділетсіздік танытты деп санаймын.

Әріптестері қолдап отырған бұрыңғы бас дәрігер Марина Коробкова, жоғары оқу орнын бітіре сала, осы ауруханаға терапевт болып жұмысқа орналасқан. 2005 жылдан бастап бас дәрігер қызметіне тағайындалған.  

Василий ПОЛЯКОВ, МАМЛЮТ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:


Екінші толқын кезінде 8 медицина қызметкері ауырып шықты. Мұны бәрі жаппай ауырды деуге болмайды. Тек бізде ғана емес, басқа ауруханаларда да дәрігерлер бұл індетке шалдығып жатыр. Бұл аурухана барлығымен толық қамтамасыз етілген. Меніңше, бас дәрігерді негізсіз кінәлі деп тапқан.


Денсаулық сақтау басқармасы аурухана ұжымына жазбаша ғана жауап қатты. Онда Марина Коробкованың еңбек шарттарына немқұрайлы қарағандықтан жұмыстан босатылғанын хабарлайды.   

СҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
 
Мамлют ауданындағы орталық аурухананың вирустан қорғанатын барлық мүмкіндігі бар. Соған қарамастан 28-ші қыркүйек пен 12-ші қазан аралығында 9 қызметкер коронавирусты жұқтырды. Еңбекті қорғау ережелері сақталмағандығы үшін бас дәрігер Марина Коробковамен келісім-шарт бұзылды. Еңбек кодексіне сәйкес ол кез-келген медициналық мекемеге жұмысқа орналасуға құқылы.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Денсаулық сақтау басқармасы бұған қатысты БАҚ өкілдеріне ақпарат бермеді. Ал дәрігерлерге берген жазбаша жауабында Марина Коробкованы қызметке қайтару жөнінде ештеме айтпаған. Соған қарағанда ақ халатылардың талабы орындалмайтын сияқты. Демек, аурухана ұжымы уақытша болса да жаңадан тағайындалған басшымен жұмыс істеуге мәжбүр.

А. Құрманкин