Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Рудныйда күл-қоқыс шығару мәселесі шешілмегеніне 15 жылға жуықтады

Рудныйда күл-қоқыс шығару мәселесі шешілмегеніне 15 жылға жуықтады

Қостанай облысындағы Рудный шаһарын күл-қоқыс басты. Өйткені, қалада қоқыс жәшіктері жетпейді. Осының салдарынан көп қабатты тұрғын үйлер қоқыс үйіндісінің астында қалған. Рудный басшысы бұл мәселені анық біледі. Тіпті, "Бұл мәселе екі аптаның ішінде шешіледі", деп уәде берген. Ол уәдеге бірақ екі ай болған. Эко-белсенділер болса дабыл қақты. Әкім Қуандық Испергенов неге сөзінде тұрмады? Заңғар Санай анықтап көрді.

Рудныйда қоқысты жинап, шығаратын екі кәсіпорын болғанымен қала күл-қоқыстан көз ашпай келеді. Шаһардың шашылып жатқанына 15 жылға жуықтады. Халық бұл жерде, жауапты кәсіпорындарды айыптайды. Ал әлгі компаниялар, тұрғындарға мін тағады. "Қоқысты шағарамыз. Бірақ жәшіктің айналасын тазалау біздің міндет емес", дейді мекеме өкілі.

Алексей НҰРЫШЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қоқыс таситын кәсіпорындар мұнымен мүлдем айналыспау керек. Заңсыз төгілген қоқысты қаланы абаттандыратын ұйым тазарту керек. Әкімнің өзі қол қойған ережеде солай жазылған.

Жәшіктің сыртына түскен қоқысты тазарту үшін кәсіпорын жылына 80 млн теңгеге шығындалады екен. Ал, әкімдік ол үшін көк тиын бөлмейтін көрінеді. Сөйтіп, жағдайы ауыр компания қоқыс жәшіктерін жаңарталмай жүр екен.

Максим ФРОЛОВ, ЭКОПАТРУЛЬДІК ҚЫЗМЕТ ЖЕТЕКШІСІ:


Жаңа экология кодексіне сәйкес, 2021 жылдан бастап азық-түлік пен құрылыс қалдықтарын полигонға төгуге тыйым салынады. Ал, біз болсақ әлі күнге контейнер проблемасын шеше алмай жатырмыз. Бұл мәселені шұғыл түрде шешуіміз керек.

Экобелсенділер бұл проблеманы үнемі көтеріп жүр. Қаланы қалдықтан тазарту мақсатында аулаларды аралайды. Жөнсіз жатқан үйінділерді анықтап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Құлақ аспағандарды видеоға түсіріп, әкімшілік жауапқа тартқызған.

Фархат БІРМАН, РУДНЫЙ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Қоқыс жәшігіне жетпей қоқыстарын лақтырған жағдайда бірінші рет ескерту хаттамасы толтырылады. Бірнеше рет қайталанған болса 20 есептік көрсеткіш  айыппұлдар толтырылады. Әкімшіліктің, азаматтардың қолдауымен бейнебақылауға түсіріліп, сол кісілердің арқасында хаттамалар толтырылады.

Рудныйда жыл басынан бері жарты мыңға жуық адам жауапқа тартылыпты. Ауласын ластаған талай адам айыппұл төледі. Алайда одан қала тазара қойған жоқ.

 БЛИЦ:

- Сыртқа тастап кеткен дұрыс емес қой. Жасағаннан кейін тазалық болу керек. Орнына өзінің арнайы тастау керек.
- Қадағалап тұрса, қатты тәртіп болса. Тәртіпке келеді адамдар. Бастысы сол.
- Все идет из семьи. Не возможна жалобаться на службу какие -то.


Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:


Екі ай бұрын Рудныйға әкім боп тағайындалған Қуандық Испергенов екі аптада қоқыс мәселесі шешіледі деп елді қуантқан еді. Екі апта түгілі, екі ай  өтті. Ал тұрмыстық қалдық проблемасы сол қалпында қалып отыр.

Дегенмен әкімдік бұл мәселені қолға алған сияқты. Қалаға қанша қоқыс жәшігі қажеттігін есептетіп жатырмыз, дейді жергілікті шенеуніктер.

Данияр СӘБИТОВ, РУДНЫЙ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Біз Нұр-Сұлтандағы ұйымға жүгіндік. Олар, қанша контейнер қажет екенін және  тарифті есептеп береді. Сол мағлұматты жергілікті қоқыс таситын кәсіпорындарға жеткіземіз.

Кәсіпорындарға контейнер емес оның есеп қисабы жеткізіледі. Сосын жәшік сатып алу сол кәсіпорындарға міндеттелмек. Кәсіпкерлер қаржы таба ала ма? Бұл сұрақ әзірге жауапсыз.

З. Занай