Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Үйі өртеніп, далада қалған оралдық көпбалалы отбасы көмекке мұқтаж

Үйі өртеніп, далада қалған оралдық көпбалалы отбасы көмекке мұқтаж

Кенеттен үйі өртеніп, далада қалған оралдық Сариевтер отбасы көмекке мұқтаж. Қазір көпбалалы ерлі-зайыптылар туысының бір бөлмелі пәтерін паналап отыр. Бұрынғы үйінің сау-тамтығы қалмаған. Ал, кеңірек баспана жалдауға қаражат қолбайлау болып отырғанын айтады. Тілшіміз жалғастырады.

Бұл - Сариевтер отбасының қазіргі мекені. Айналуға келмейтін аядай бөлмеде үлкен ұлы сабақ оқиды, кішкентайлары асыр салып ойнайды. Баспанасы өртеніп, далада қалған отбасыға қалалық жұмыспен қамту орталығы бір реттік көмек ретінде 145 мың теңге бөліпті. Оның өзі наурыз айында берілмек. Ал жанашыр жандар жинаған 1 млн. 500 мың теңге басқа пәтер сатып алуға жетпейді, дейді көпбалалы ана.

Лунара САРИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

 
Акиматтан бізге отказной келді. Қазіргі уақытта сізге берілетін бос үй жоқ деді. Сосын ЖКХ-дан да келді сондай қағаз. Біз қазір тіпті жалдауға пәтер таба алмай жатырмыз. Төрт баламен жібермейді. Алмайды мүлдем. Басында келіскен сияқты болады да, кейін бос емес дейді.


Осыдан бір ай бұрын жапсарлас салынған көршісінің үйі өртеніп, қызыл жалын Сариевтердің де баспанасын шарпыған еді. Төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жаудың абайсызда шыққанын анықтады. Бірақ бұған нақты біреуді кінәлау мүмкін болмады. Өйткені өрт шыққан баспанадағы көршісі сол түні тірідей жанып кеткен.

Жандос ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Өкінішке қарай, бізде мұндай жағдайға байланысты ерекше санат қарастырылмаған. Бірақ тұрғын үй комиссиясы бар. Төрағасы – қала әкімі. Егер жапа шеккен азаматтар ресми түрде арыз жазса, комиссия мұны қарастырады. Өйткені уақытша пәтер берудің өзіндік тәртіп-ережелері бар.


Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері үйсіз қалған көпбалалы отбасыға көмектесудің амалын қарастырамыз деп сендірді. Бірақ Сариевтерді сенделткен мәселенің түбегейлі қашан шешілері әзір белгісіз.

Е. Карин